Ауыл шаруашылығы

Ғ.Мүсірепов атындағы ауданда дәнді дақылдардың 63 пайызы орылды

 

Қолда барды ысырапсыз жинап, бастыруға кіріскен диқандар бүгінде уақытты мейлінше тиімді пайдалануға тырысуда. Бүгінгі күні аудан бойынша астықты алқаптың басым бөлігі орылып, бастырылды. Парға биыл 4 мың га жер қалдырылыпты. Мамырдың 26-сы алғашқы тұқымын сепсе, 21 тамыздан егін орағына кіріскен. “Возвышенка СК” ЖШС-нің алқабында гектарына орташа түсім 20 центнерден айналуда. Бұл жылдағы көрсеткіш дейді серіктестік басшысы.

 

Абдурахим Нукаев,«Возвышенка СК» ЖШС директоры:

– Біз жалпы жиын-терімнің 60 пайызын аяқтап қалдық. Бәрі ойдағыдай болса, алдағы 10 күнде егінді жиып аяқтаймыз. Өздеріңіз көріп отырғандай барлық техника жұмыс істеп жатыр, мына алқаптарда өнім жақсы шықты. Бұдан бөлек біз сұлы, арпа да ектік, Арпаның барлығын жиып, қамбаға құйып та үлгердік, ол енді біздің бағып отырған 4 аяқтыларымызға 1,5 жылғы азық.

 

Шаруа басшысы келер жылы зығыр егуді жоспарлап отыр. Бірақ одан жақсы өнім алу үшін шамалы уақыт керек. Жерді өңдеу керек дейді. Мына 420 га алып жатқан егінжайда 6 комбайн – 4 «Джондир» мен 2 «Вектор» және 5 «КАМАЗ» тоқтаусыз жұмыс жасауда. Әсіресе, шетелдік комбайнның тиімділігі зор. Ол бір күнде 200 гектардың астығын орып бастыруға қауқарлы.

 

Сондай ақ , шаруашылықта егін орағымен қатар, келер жылға жер дайындау жұмысы да қатар жүруде. Қазір парға қалдырылған жер жыртылып, арам шөбі тазартылуда. “Возвышенка СК” ЖШС дәнді дақылдар  өсірумен мал шаруашылығын да қатар алып жүр. Былтыр ғана 500-ден астам америкалық ангус тұқымды қара мал әкелінген. Сиырлар етті. Биыл төлдеп те үлгерген. Қазір теріскейдің климатына үйреніп кетіпті.

Қыста сиырларды мына фермада бағады. Жем-шөп талғамайды дейді шаруашылық иесі. Ал мына тау-тау болып үйіліп жатқан астық “Алиби Ишим” ЖШС-нікі. Биыл олар 20 995 га жерге бидай егіпті. Оның 75 пайызын жиып та үлгерген. Шаруашылық сыйымдылығы 20 000 тонна өнімді құрғатқыш тоқ пен электронды таразылармен жабдықталған. 20 адам бұл жерде еңбекпен қамтылыпты. Комбайндар да толықтай қызу жұмысқа кіріскен. Егіннің берекелілігі 14 центнерден 18 центнерге дейін жетеді.

 

Матвей Скорняков, «Алиби Ишим ЖШС» директоры:

-Ағымдағы жылы бізге 21000 га астықты жию көзделіп отыр. Оның 2400 га арпа. Біз астықтың 75 пайызын соғып үлгердік. Техникамен толық жабдықталғанбыз. 12 «Джон дир», 8 «Вектор» бар. Орташа есеппен 1 комбайн күніне 800-1000 га ауырлықты көтереді. Жиын-терімді тамыздың 20- сы бастағанбыз. Жақын арада аяқтаймыз деп ойлаймын.

 

Жалпы орақ науқанының бүгінгі таңдағы нәтижесі Ғ. Мүсірепов ауданы бойынша жаман емес.

 

Жанат Қожахметов, Ғ. Мүсірепов ауданының ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің жетекшісі:

-Соңғы мәліметтер бойынша астықтың аудан бойынша 63 пайызы жиылды. Астық берекелілігі 13 пайыздан асады. Міне соңғы уақытта ауа райы жақсы болып, барлық диқандар орақ науқанын шамалары келгенше жылдам жүргізіге тырысуда. Қазір шаруашылықтардың техникамен жабдықталуы да өте жақсы. Шетелдерден соңғы үлгідегі техникаларды алуда. Кейбір шаруашылықтар орақты 100 пайыз аяқтады. Ал мал шаруашылығына келетін болсақ Ғ.Мүсірепов ауданында ангус герефорд тұқымды сиырлар әкелініп мал басын көбейту жолында көп жұмыстар тындырылуда. Енді жоспарда қазақтың ақ бас сиырын бағу да бар. Жем шөппен толық қамтылған, ол жағынан ешбір қиындық жоқ. Қыркүйектің соңына дейін орақты аяқтаймыз.

Диқандар қолда бар астықты ысырапсыз жинап бастыру үшін уақытпен санаспай еңбек етуде.

 

Материалды “Қазақстан-Петропавл” арнасының тілшілері әзірледі