Қоғам

Ауыл шаруашылығы және қаржы министрлері өңірлік семинарға қатысты

 

Былтыр ел қазынасына агроөнеркәсіптік кешен субектілерінен 27 млрд теңгенің салық жарналары түсіпті. Бұл осы саладағы ауыл еңбеккерлеріне қолданылатын 70 пайыздық салықтық жеңілдікті қоса алғанда. ҚР Премьер-Министрінің өкімімен жүйені одан әрі жетілдіре түсудің ұсыныстары әзірленді. Тың бастама қаржы саласына тікелей жауапты министрлер, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері, жергілікті басқарушы органдар мен агроқұрылым жетекшілерінің қатысуымен өткен семинар-кеңесте талқыланды.

Бұл жөнінде жиналғандарды кеңірек қаржы министрі Болат Жәмішев құлағдар етті. Ал жер салығы төлемдерінен тиісті мекеменің жеке табысын анық көруге болады. Бүгінде барлық ауылшаруашылығы тауарын өндірушілерге бірыңғай жер салығы 5 есеге ұлғайтылмақ. Бірақ бұл белсенді бизнес өкілдеріне әсіресе шағын кәсіпкерлікке еш өзгеріс әкелмейді дейді Болат Жәмішев. Керісінше жер телімдерін мақсатсыз, не тиімсіз пайдаланғандардың қалтасына ауыр тиетін болады.

 

Болат Жәмішев, ҚР қаржы министрі:

– Есесіне шаруашылық мүлік және көлік салығынан босатылады. Корпоративтік табыс салығы мен шығын құжатпен бекітіліп, дәлелденсе, көтерілген жер құнына кірістіріледі. Сонда шаруа тек жер теліміне тиісті төлемді аударумен шектеледі. Бұл әрине шынымен еңбек етіп жүрген бизнесменге тиімді. Сондай-ақ әлеуметтік салық 11 пайыздан 6,5 пайызға қысқарады деп жоспарлап қойдық.

 

Жергілікті мәслихаттардың қарауымен салықтың бұл түріне 10 есе ұлғайту мүмкіндігі де ұсынылды. Бұл тек игілігіндегі жер телімін тиімсіз пайдаланатын қожалықтарға қатысты. Ауыл шаруашылығы министрі өз баяндамасында осындай жекеменшіктегі жерді үкімет иелігіне қайтаруға қатысты істердің соңғы нүктеге жетпейтінін тілге тиек етті. Салық жүктемелерінің 70 пайызға жеңілдетілгенін қоса алғанда бір гектардың өтем құны 7 теңге.

 

Асылжан Мамытбеков, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

– Аса қалтаны қақпағасын көбі оны мақсатсыз пайдаланады. Жаңашылдық қаржылық ауыртпашылық тигізгесін иесі еңбек етуге әрекет жасайды. Немесе жұмыс жасағысы келетін өзге әріптесіне береді. Енді бір мәселе елді мекендерде халықаралық талаптарға сай декларация жасай алатын есепшілер тым тапшы. Сондықтан жаңашылдықтың арқасында бұл үрдісті жеңілдетуді көздейміз. Қағаз машақатын азайту керек.

 

Бүгінгі ауыл еңбеккерлерінің есептеріне қарағанда бір жұмысшының орташа зейнетақы өтемі 700-ақ теңгені құрайды. Бастама бұл жағын да жақсартуды көздейді. Кейін жиналғандар көтерілген мәселелерге қатысты сұрақтарын қойып, ұсыныстарын жасады. Көбін қандай көліктердің салықтан босатылатыны қызықтырды. Қаржы министрінің айтуынша, бұл тек ауыл шаруашылығына жұмылдырылған техникаға қатысты болмақ. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы министрі жиналғандарды қаржылай сауықтырудың жаңа тетіктерімен таныстырды.

 

Асылжан Мамытбеков, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

-Егер де шаруалардың несие, лизингтік қарыздары болса, төлем мерзімін ұлғайтуға болады. Жаңа механизм берешекті өтеу уақытын 9 жылға дейін созу мүмкіндігін жасап отыр. Сондай-ақ 2014 жылдың бірінші қаңтарынан екінші деңгейлі банктерден алынған несиелермен қатар лизингке сатып алынған техниканың жылдық мөлшерлемесі субсидияланады. Пайыздық үстемеақының 7 пайызына дейін үкімет өз мойнына алады.

 

Кездесу соңында диқандар жаңа астықтың өткізу бағасын сұрады. Асылжан Мамытбеков үкімет тарапынан еш тежеу болмайтынын жеткізді. Шаруашылық өз бағасын ұсынуға құқылы. Астықтың құны тым түсіп кеткен жағдайда еңбектің ақталуы жолын қарастыратындарын айтты.

 

Жеңіс Ермұқанов