ТКШ

“Қызылжар су” қызмет құнын қымбаттатпақшы

Тариф бекітілсе, 3 жыл бойы тұрақты болады. Бұл – бір. Екіншіден, оның құрамында инвестициялық үлес те ескеріліп отыр. Яғни, “Қызылжар су” бұған байланысты шығындарын өздері жауып отыруы тиіс. Оған тағы жыл бойы жүргізілетін жөндеулерді қосыңыз. Өйткені, желілердің көбінің тозғаны жасырын емес. Сондай-ақ, кәсіпорын ірі істерге бюджеттен түсетін қаржыдан басқа өз қалтасынан да қыруар ақша жұмсауы қажет. Тарифтің ішінде жұмысшылар жалақысының өсуі де бар.

3 жылдың ішінде барлық облыстық су тарататын кәсіпорындар тарифті құрудың тың әдісіне біртіндеп ауысуда. Үкімет бұл саладағы жаңа механизмдерді енгізу бойынша Кешенді жоспарды өткен жылдың соңында қабылдаған болатын.

 

Марат Мұстафин, ҚР табиғи монополияларды реттеу агенттігінің СҚО бойынша департаментінің директоры:

-Бұрынғыдай тұрғындар 3 топқа бөлінбейді. Енді 1 ғана топ болады. Бәрі бір тарифпен төлейді. Егер бұрын орташа тариф ҚҚС-сыз бір топқа қосқан кезде 48 теңге болса, қазір бұлардың сұрап отырғаны 80-нің үстінде. Біздің ойымызша, ол тариф 68 теңгеден аспауы тиіс.

 

Мұндай шекті тариф таяуда Қарағанды қаласында бекітілген екен. Онда судың бағасы тұрғындар үшін 110 теңгеге жетіп тоқтаған. Енді, осыған қарап-ақ екі жақтағы бағаның айырмашылығын салыстыруға болады.

Судың құнын көтеруге мәжбүр болған кәсіпорынның тыныс-тіршілігін ардагер қызметкер Валентина Налимова жақсы біледі.

 

Валентина Налимова, қала тұрғыны:

-Менің немерелерімнің де біз сияқты барлық талаптарға сай сапалы су ішкенін қалаймын. Ал, бұны жүзеге асыру өндірісті жаңғыртусыз мүмкін емес. Біздің қысымыз қатты. Мұндай ауа райында жұмыс істеу қиын. Су да жұмсақ емес. Сол себепті, құбырларды жиі ауыстыру қажет. Жағдайды түсініп, қолдаймын.

 

Бұл – өтіп жатқан бірінші қоғамдық тыңдалым. Тариф жобасы әлі 1 ай бойы қызу талқыланып, нақтысы қазанның 22-нде қабылданады. Ал, ол желтоқсанның 1-нен бастап заңды күшіне енеді.

 

Данаш Хамзина