Ауыл шаруашылығы

Орманшылар қысқа әзірленуде

 

Ағаш бұтақтарынан әзірленген мына сыпыртқылар түз тағыларының қысқы азығы. Олар қар қалың түскен шақта «Красный бор» қорығындағы аңдарға беріледі. Қазіргі күні онда 775 бас марал, 830 елік пен 380 жабайы доңыздар бар. Түз тағыларының бұл жерді мекен еткендеріне 30 жылдан асқан. Содан бері қысы-жазы қорықшылардың бақылауында. Десек те шығын да жоқ емес.

 

Николай Гусельников, «Красный бор» қорығының директоры, Есіл ауданы:

– Өткен жылы қыстың қарлы әрі қахарлы болғандығынан біраз бас марал мен еліктер қырылып қалды. Оның үстіне қаржының тапшылығынан азық та аз дайындалды. Биыл қаржыландыру көлемі артып отыр. Облыстық бюджеттен 2 миллион теңге ақша берілді. Ол қысқа қажетті жем-шөп даярлауға толығымен жеткілікті. Қыстан аман-есен шығамыз деп ойлаймын.

 

Қорықта түз тығыларына қажетті минералды азық та дайындалған. Қазір қоймада 5 мың тонна тұз бен 1 мың тонна бор бар. Ол елік, марал, доңыздардың ағзаларындағы тепе-теңдікті сақтау үшін қажет дейді мамандар. Қазір мұнда даладан аралас жем де жеткізіліп жатыр. Қажеттілік 5 мың тонна. Әр аңның жем жеуде өз рационы бар. Мәселен марал күніне 400 грамм жем жесе, елікке 13-14 грам жетеді. Доңыздікі де сол шама.

 

Максим Грех, қорықшы:

– Қазір 570 центнер шөп даярладық. Жапырақтан әзірленген сыпыртқылар 12 мың. Оны даярлауда орманшылар қолғабыс етуде. Тұз бен бор да жеткілікті мөлшерде алынды. Қыс қатал болған кезде жем-азықты шашпаларға жеткіземіз, аңдар сол жерге келіп тамақтанады.

 

Қазіргі күні қорықта 5 адам еңбек етеді. Олар күні-түні қорықты күзетеді. Себебі түз тағыларына мылтық кезенетін браконьерлер де жоқ емес. Бірақ жыл басынан ондай оқиға әлі теркелмепті. Десе де сақтықта қорлық жоқ дейді қорықшылар. Мамандар мұндағы елік, марал, доңыздар жыл өткен сайын ұсақталып бара жатқанын айтады. Ал тұқымды асылдандыру қажет. Бұл ретте шығысқазақстандық әріптестерімен келіссөздер де жүргізілген. Тек қаржы мәселесін шешу қажет.

 

Самат Есмағи