Аптадағы маңызды жаңалықтар

Норвегия елшісі Солтүстік Қазақстан облысына келді

 

Солтүстік Қазақстан облысы мен Норвегия Корольдігінің арасындағы сауда байланысы шектеулі. Негізінен импорт басым. Аталған мемлекеттің Қазақстан Республикасындағы Елшісімен жүздескен облыс әкімі Самат Ескендіров  бүгінгі кездесу осы салада ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге бастама болатынына сенім білдірді.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

-Бүгінгі кездесуде екі жақты әріптестікті дамыту жайын қарастыруды мақсат етіп отырмыз. Әсіресе бидай экспортына басымдық жасаудамыз. Сонымен қатар 2 жыл бұрын білім беру саласында бірлескен жоба қолға алынды. Бірақ ақылдаса келе, серіктестіктің жаңа қырларын да қарастыру керектігін ұйғардық.

 

Оле Йохан Берной, Норвегия Корольдігінің Қазақстандағы Елшісі:

-Біз үшін ең бастысы – сапа. Сондықтан Норвегия ішкі нарыққа қажетті бидайдың 10 пайызын Қазақстаннан сатып алады. Өйткені жергілікті өнімнің сапасы жоғары деңгейде. Біз бұдан өзге сауда-экономикалық байланыстарды қарастыруға дайынбыз.

 

Жыл сайын Норвегияға Қазақстаннан 37 мың тонна шамасында қатты сұрыпты бидай жөнелтіледі. Сондықтан бүгінгі жиынға жергілікті агроқұрылымдар өкілдері келген. Өз өнімдерін шетелге экпорттаудан әркімнің-ақ бар таласы.

 

Игорь Гришанов, “Әби Жер” ЖШС директоры:

-Өткен жылы Норвегия мемлекетінде болып қайттық. Алған әсерлеріміз орасан. Бірақ, сіздермен бөлісер тәжірибеміз де баршылық. Серіктестіктің екі жаққа да тиімді болатыны айқын.

 

Техникалық білім беру саласын жетілдірудегі бірлескен жоба аясында шетелдіктер жергілікті колледж студенттерімен құрылыс, тамақ өнімдерін дайындаудағы бай тәжірибесімен бөлісуді мақсат еткен. Бұған қоса, жерлестеріміз Норвегия Корольдігінің балық өсіру мәдениетімен де етене танысуға мүдделі.

 

Фархад Қуанғанов,облыс әкімінің орынбасары:

-“Аквамәдениет” – екі жақты әріптестіктің жаңа бағыты болуы тиіс. Өйткені сапалы балық өндіруден Норвегия бірінші орында. Олардың тәжірибесі орасан. Облыс көлемінде 3 мыңға тарта көл бар. Негізінен суы тұщы. Бұл саладағы мүмкіндіктеріміз де ауқымды.

 

Елші бұл бағыттағы әріптестікті де құп көріп отыр. Бастысы – кәсіпкерлердің ынтасы мен тың инновация қажеттігін ескертуде. Екі жақты келіссөздердің қорытындысын облыс әкімі Самат Ескендіров шығарды.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

-Біз әлі де әріптестіктің әр бағытын жекелей қарастырып, ортақ шешімге келуге әзірміз. Бүгінгі кездесу алдағы үлкен сауда байланыстарына жол ашатынына сенімдімін. Қызығушылық танытқан жергілікті кәсіпкерлер Норвегия Корольдігінің елшілігімен етене байланыс жасайды.

 

Шетелдік инвесторлар қазан айында Қазақстанға ат басын бұруды жоспарлап та қойыпты.

 

Гүлмира Шоқтыбаева