Билік

Үкіметте екі тұжырымдама мақұлданды

 

 

Құрылыс саласының нормативтік базасын реформалау аясында 2015 жылдан елімізде осы салада техникалық реттеудің жаңа жүйесіне өту қарастырылып отыр. Үкімет отырысында Өңірлік даму вице-министрі Серік Нокин мәлім еткендей, тұжырымдаманы іске асыру 3 кезеңге бөлінген. Бірінші кезең, яғни дайындық кезеңі 2013-2014 жылдарды қамтиды, екінші кезең – 2015 жылдан бастап техникалық реттеудің жаңа жүйесіне өту көзделген. Кейінгі 5 жылда техникалық реттеудің тың және ескі жүйелері қатар жүреді деп жоспарланған. Ал тұжырымдаманы жүзеге асырудың үшінші кезеңінде осы саладағы тәжірибе сарапталып, жаңа нормативтік базаны түзету көзделген. Нәтижесінде құрылыс саласына қатысты 56 нормативтік құжат түбегейлі өзгеріске ұшырайды. Үкімет мүшелеріне таныстырғандай, тұжырымдаманың негізіне техникалық реттеудің еуропалық жүйесі алыныпты. Осының нәтижесінде құрылыс саласындағы техникалық нормалаудың ұйғарылған әдісі жойылып, тың – прогрессивті параметрлік әдіске өту көзделген. Тұжырымдама тиісті деңгейде жүзеге асса, балама әдістер мен шешімдерді қабылдауға, жобалау мен құрылыста жаңа ғылыми амалдарды, техникалық шешімдерді және инновацияларды енгізуге мүмкіндік бар. Тұжырымдама жалпы алғанда Қазақстанның әлемдік экономикалық жүйеге ары қарай интеграциялануын қамтамасыз ететін озық техникалық реттеу жүйесін құруды қарастырады.

Осыған дейін тұжырымдама жобасы бірнеше рет қызу талқыланған. Сондықтан, үкімет мүшелері құрылыс саласындағы маңызды құжатты бір ауыздан қолдап, дауыс берді. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының «Қазақстан-2050» Жолдауын жүзеге асыру аясында Мұнай және газ министрлігі табиғи ресурстарды тиімді басқару және шикізат секторынан түсетін кірістерді пайдалану тұжырымдамасын әзірлеген болатын. Отырыста бұл құжат та таныстырылып, Үкімет мүшелерінің қолдауына ие болды.

Селекторлық байланыс тоқтатылған соң, облыс әкімі Самат Ескендіров бүгінгі орақ барысымен танысты. Қыркүйектің 17-сіндегі ақпаратқа сәйкес, астықты алқаптардың 47 пайызындағы өнім жиналды. Бір күн ішінде агроқұрылым өкілдері 145,5 мың га өсім көрсеткен. Енді алдағы 15 күнде 1 млн 800 мың га аумақтағы бидайды жинап алу керек.

 

Серікбай Тұралинов,СҚО ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

-Астықты дестеге түсіруден Мамлют ауданы көш бастап келеді. Онда алқаптардың 58,6 пайызындағы өнім жиналды. Уәлиханов, Аққайың, Есіл аудандары 53,7-53,5 пайыздық көрсеткіш көрсетуде. Ақжар ауданы бұл тізімде соңғы орында. Онда алқаптардың не бары 24 пайызындағы бидай орылды.

 

Астық өнімділігі жөнінен болса, Мағжан Жұмабаев және Мамлют аудандары сәйкесінше гектарынан 15,6 және 15,5 центнерден өнім алып, көш бастап келеді. Ең төмен көрсеткіш – гектарынан 10 центнер бидай – Тимирязев ауданында. Өңір жетекшісі майлы дақылдарды жинау барысымен де танысты. Қазіргі таңда облыс бойынша бұл дақылдар егілген 158 мың га аумақ орылған. Агроқұрылымдар ендігі кезекте өнімді бастыруға дайындық жүргізуде. Өңір бойынша майлы дақылдардың орташа шығымдылығы 11 центнерді құраған.

 

Самат Ескендіров,облыс әкімі:

-Майлы дақылдарды жинап алу жайын да назардан тыс қалдырмау керек. Ғ.Мүсірепов ауданында гектар берекелігі – 13,6, Аққайың ауданында 14,3 центнерден айналуда. 5-6 жыл қатарынан рапс, зығыр, күнбағыс себетін шаруашылықтарда жұмыс тиімді ұйымдастырылған. Сондай құрылымдардың тәжірибесін алу керек.

 

Самат Ескендіров тиісті ведомство басшылары мен аудан әкімдеріне астықты мерзімінде ысырапсыз жинап алу үшін қолда бар мүмкіндікті пайдалануды тапсырды. «Қазгидрометтің» ақпараты бойынша облыс көлемінде қыркүйектің 20-сына дейін жауын-шашын түспейді деп болжануда. Сондықтан өңір басшысы әр сағатты есепке алуды міндеттеп отыр. Ал жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының басшыларына орақ барысынан үздіксіз хабар таратуды тапсырды.

 

Гүлмира Шоқтыбаева