Қоғам

Солтүстікқазақстандық нұротандықтар партияның 15-ші съезіне дайындық үстінде

 

 

Есіл ауданы партия ұйымдары бойынша өңірімізде көш бастап тұр. Ондағы бастауыш ұйымдар саны 16. Мүшелікке енгендер бес мыңның үстінде. Ол аудан халқының 19 пайызын құрайды. Нұротандықтар елдің, ауылдастарының мәселелеріне бей-жай қарамайды. Бірлесе көтерген жүк жеңіл деген ұранды өздеріне басты ұстаным еткен, соның арқасында қыруар іс тындырылды деп атап көрсетті өз баяндамасында «Нұр Отан» ХДП Есіл аудандық филиалының төрағасы.

Жыл басынан нұротандықтар аудан көлемінде жүзге тарта қоғамдық қабылдау өткізген. Мұң-мұқтаждарын көшбасшы партияға білдіргендер саны өткен жылмен салыстырғанда 11 пайызға жоғары. Ол халықтың партияға деген сенімінің көрсеткіші деп атап көрсетті конференция барысында сөз алғандар. Жиында 8 айда атқарылған жұмыстар қорытындыланып, алдағы міндеттер айқындалды. Бастысы «Қазақстан-2050» стратегиясын жүзеге асыру. Бұл ретте партия мүшелеріне артылар міндет ауқымды. Қабылданатын Доктрина болашақты бағдарлауға септеседі. Ол ағымдағы жылдың 18-ші қазанында Елордасы Астанада өтетін «Нұр Отан» ХДП-ның 15-ші съезінде бекітілетін болады.

 

Михаил Трошихин, «Нұр Отан» ХДП саяси кеңесінің мүшесі:

– Партияның аудандардағы бастауыш ұйымдарына артылар жүк ауыр. Ол елді мекендердегі халықтың әл-ауқатын арттырып, тұрмыс деңгейін көтеру. Бұл ретте олар құрылыс, жол жөндеу, мал шаруашылығын дамытуды бақылауда ұстаулары қажет. Себебі бұл мақсаттарға қазынадан қыруар қаржы бөлінеді. Оның оңды-солды шашылмауын қадағалау партия мүшелерінің міндеті.

 

Доктринаның негізі – партияның әлеуметтік саясаты. Халықтың жағдайын жақсарту, тұрғындарға әлемдік стандарттарға сай білім беру, медициналық қызмет көрсету секілді бағыттарды көздейді. Жиын соңында көшбасшы партияның облыстық филиалының кезектен тыс өткізілетін 18-ші съезіне делегаттар сайланды. Олардың саны – 20.

 

Самат Есмағи