Құқық қорғау органдары

Салт атты полицейлер саяжай күзетінде

 

Патрулдік полиция батальонының атты взводы күзгі өнім жинау науқаны басталысымен күшейтілген режимде қызмет атқарады. Салт атты полиция қызметкерлерінің басты мақсаты – саяжай кооперативтеріндегі қоғамдық тәртіпті сақтап, осы аудандарда жиі жасалатын ұрлықтардың алдын алу.

 

Руслан Құрманов, Петропавл қ. ІІБ патрулді полиция батальонының атты взводы командирінің орынбасары:

-Атты взвод қызметкерлері саяжай учаскілерінде рейдттік іс-шараларды мамыр айынан өткізіп келеді. Осы уақыт ішінде олар мүлік ұрлаудың 12 фактісін ашты. Сондай-ақ Қазақстан Республикасының әкімшілік кодексінің 336-бабы бойынша қоғамдық орындарда мас күйде жүрген 523 азаматтың үстінен әкімшілік хаттама толтырылып, 611 әкімшілік заңды бұзған тұлғалар ұсталды.

 

Салт атты полиция взводы осыдан 10 жыл бұрын жасақталған. Қазіргі таңда құрылымда 25 қызметкер еңбек етеді. Полицейлердің дені – жануарлардың сырын жақсы түсініп, ат құлағында ойнайтын шабандоз. Олардың қарамағында 17 қызметтік жылқы бар. Саяжай иелері соңғы уақытта ұрлық фактілерінің азайғандығын айтып отыр.

Бүгінде салт атты тәртіп сақшылары бірнеше бағыт бойынша рейд шараларын жүргізеді. Бағыттары кез-келген уақытта, саяжайлардағы криминогендік жағдайға байланысты өзгертіліп отырады. Аттылар әсіресе тұрғылықты мекен-жайлары жоқ тұлғаларды басты назарға алады. Соңғылары саяжайдағы үйлерді паналап, ұрлық жасауды әдетке айналдырған. Атты полиция өкілдері саяжай учаскілеріндегі рейдттік іс шараларды күзгі жиын-терім мезгілінің сонына дейін жүргізбек.

 

Гүлмира Шоқтыбаева