Қоғам

Қыркүйектің 21-і – қайырымдылық сенбілігі

 

 

Солтүстік Қазақстанда 93 мың зейнеткер бар. 37 мыңға жуығы облыс орталығы – Петропавлда тұрады. Оның 6,5 мыңы – тыл еңбеккерлері болса, Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің саны 200-ден сәл асады. “Қарты бар ел – қазыналы ел” дейді қазақ халқы. Үлкенге құрмет көрсеткен ұрпақтың да келешегі кемелді болмақ. Оларға құрмет пен қамқорлық таныту – парыз. Осыған дейін дәстүрлі түрде өткізіліп келген қайырымдылық сенбілігі биыл тағы да жалғасын табады. Шара қыркүйектің 21-іне жоспарланып отыр. Қызметкерлер ол күні бір күндік жалақысын ардагерлерге арнайды.

 

Әдия Ахметова, облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары:

-Осы сенбілікте түскен қаржының жартысы сол мекеменің өзінде қалуы тиісті. Себебі, мекемеде де қарттар мен мүгедектер бар. Ал, 50 пайызы жергілікті ардагерлер кеңесіне жіберіледі. Ол қарттардың керегіне жұмсалады.

 

Халықаралық қарттар күніне арналған мерекелік іс-шаралар жоспарын облыс әкімі бекіткен.

 

Әдия Ахметова, облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары:

-Осы сенбілікке біз, әрине, жан-жақты қатысуларын сұраймыз. Мекеме басшылары, оқушылар, жастар тек өздерінің аулаларын ғана тазалап қоймай, сол қарттарға қол ұшын берсе. Әсіресе, күз уақытында қарттары бар жанұяларға көмек көрсетіп, отын жарып, көмір тасыса да, қолынан не келеді соны жасауға болады.

 

Айлық аясында осы және өзге де шараларды лайықты деңгейде ұйымдастыру үшін жұмыс тобы құрылған. Жалпы, бұл бастаманы көпшілік қолдап отыр. Алдыңғы толқын өкілдері қамқорлыққа ризашылықтарын білдірсе, жастар қауымы қарияларға қамқорлық көрсетуге міндеттіміз деді.

Айта кету керек, Халықаралық қарттар күні БҰҰ  Бас Ассамблеясының қаулысымен 1991 жылдан бері аталып өтуде.

 

Данаш Хамзина