Білім

“Тіл – халық жанын танудың кілті” байқауы

 

 

Өзге ұлт өкілдері арасында ұйымдастырылған мемлекеттік тіл байқауына аудандар мен қала мектептерінің жоғарғы сынып оқушылары қатысуда. Елена Смирнова осы сынды тіл сайыстарына жиі атсалысатындықтан, бұл жолы да үлкен дайындықпен келген. Шал ақын ауданындағы Мәркен Ахметбеков атындағы ОМ 9-сынып оқушысы ойындағысын қазақ тілінде еркін жеткізеді.

 

Елена Смирнова, М.Ахметбеков атындағы ОМ 9-сынып оқушысы, Шал ақын ауданы:

– Осыған дейін Шал ақын ауданындағы осыған ұқсас байқаудан 1-ші орын алып келдім. Енді осы жылы облыстық байқаудан бірінші орын аламын деп ойлаймын.

 

Жастайынан болашағын мемлекеттік тілмен байланыстырған жас дарын қазақ тілі пәнінің мұғалімі болуды армандап жүр.

 

Елена Смирнова, М.Ахметбеков атындағы ОМ 9-сынып оқушысы, Шал ақын ауданы:

-Мен болашақта қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі болғым келіп жүр. Осы жылы 9-сыныпқа көштім. Енді бітіргеннен кейін мұғалімдік мамандыққа оқуға түсемін.

 

Байқауда бағын сынап көруге Ғ.Мүсірепов ауданынан Юлиан Черняев та келген. Орысша білім алатын оқушы тілді жақсы игеріп алу үшін Қазақстан тарихы мен ақын-жазушылардың шығармаларын жиі оқитын көрінеді. Айтуынша, қазақ тілінің грамматикасын да жетік меңгерген. Оның үстіне қазақ балаларымен жақсы араласып, бос уақытында мемлекеттік тілде сөйлесуге тырысады.

 

Юлиан Черняев, Калинов ОМ 11-сынып оқушысы:

– Қазіргі уақытта қазақ тілі – өте қажетті тіл. Қазақ тілі маған ерекше ұнайды. Сол себепті, мен қазақ тілінше жақсы қарым-қатынас жасауға үйренгім келеді.

 

Өзге ұлт өкілдері арасында «Тіл – халық жанын танудың кілті» атты облыстық байқау дәстүрлі түрде ұйымдастырылады. Бұл жолғы шара Қазақстан халқы тілдерінің 15 облыстық фестивалі аясында өткізіліп отыр. Байқауға қала мен аудандық сайыстарда суырылып алға шыққан жеңімпаздар қатысты. Оларға қойылған талап та жеңіл емес.

 

Әсем Сүлейменова, СҚО тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың бөлім бастығы:

-Байқау 3 кезеңнен тұрады. Бірінші кезең: сауалнама толтыру және лексикалық-грамматикалық тест орындау, екінші кезең жазбаша және ауызша тапсырмадан тұрады. Ал үшінші кезең қазақ әдебиеті классиктерінің өмірбаянын қысқаша баяндап беру және кез-келген жанрдағы мәтінді мәнерлеп оқу.

 

Бүгінгі тіл додасы республикалық байқаудың облыстық кезеңі болғандықтан, жеңімпаз атанған үміткерлер желтоқсан айында елордада өтетін бәсекеде өңірдің намысын қорғайды.

 

Берік Қасен