ТКШ

Есептегіш құрылғы арқасында айтарлықтай қаржы үнемдеуге болады

 

 

Людмила Демидова “Березка” ПИК-нің төрайымы. Оның қарамағына 7 үй кіреді. 5 қабатты баспаналардың барлығы 1963-64 жылы пайдалануға берілген. 3 үйде ескі жылу есептегіш құрылғылары болыпты. 2011 жылы оларды жаңғырту бағдарламасы арқылы жөндеуден өткізген. Ал Жұмабаев көшесі бойындағы 105-ші үйге жаңа құрал орнатылды. Бүгін мамандар келіп модемді іске қоспақ.

 

Людмила Демидова, “Березка” ПИК төрайымы:

– Ескі есептегіш құрылғылардың уақыты өтті. Соларды жаңаларына алмастырамыз деп шештік. Құрылғыны орнатпас бұрын, бұл істе тәжірбиесі бар азаматтармен ақылдасып, тиімді болатынын байқадық. Кейін тұрғындар да бастаманы қолдады. Егер шынымен де қаржы үнемдесек, келесі жылы өзге үйлерде де орнатуды жоспарлап отырмыз.

 

Құрылғының құны 527 мың теңге. Тұрғындар айына 1 шаршы метр үшін 17,62 теңге төлейтін болады. Ал Жамбыл көшесі бойындағы 196 «а» мекен жайында мұндай құрал халық игілігіне 5 жылдан бері қызмет етіп келеді. Осы уақыт аралығында тұрғындар айтарлықтай үнемдікті сезініпті. Оның үстіне жылу есептегіш құрал ПИК төрайымының да, шеберлердің де жұмысын жеңілдетіп отыр.

 

Виталий Цыбуля, Жамбыл көшесі, 196 “а” мекен-жайының шебері:

-Құрылғыны орнату жұмысымызды біраз болсын жеңілдетті. Енді жертөлеге әлсін-әлсін түсіп, қадағалаудың, есептерді ай сайын беріп отырудың қажеті жоқ. Барлығы автоматты түрде Жылу желілеріне жіберіліп отырады. Онда қысым, қанша су шығындалғаны, температура барлығы көрсетіледі.

 

Бүгін мұнда жуып-шаю жұмыстары жүргізіліп жатыр. Баспананың жылу желілеріне жаз айында жөндеу жүргізген. Сондықтан жауапты маусымға дайындықты енді ғана бастаған. Тәжірбиесі мол пәтер иелері кооперативінің төрайымы Галина Бондаренконың айтуы бойынша, жылу есептегіш құрылғысын орнату тиімді әрі үнемдеуге септеседі.

 

Галина Бондаренко,”Жамбыл көшесі, 196 “а” ПИК төрайымы:

 

-Құрылғы орнату арқылы айтарлықтай үнемдеуге болады. Әсіресе күз- көктем айларында біз жылуға екі есе аз төлейміз. Жылы күндері температураны азайтып, суықта қосуға болады. Жалпы жылу есептегіш құрылғылары температуралық режимді бақылауда ұстауға мүмкіндік береді.

 

Жалпы қала бойынша көпқабатты тұрғын үйлердің 230-нда жылу есептегіш құрылғы орнатылған.

 

Мағжан Ахмадина