Бизнес және экономика

Солтүстік Қазақстанда 300-ге жуық кәсіпкер жеңілдетілген несие алды

 

 

Ауылдың әлеуеті мен экономикасын дамытуға мемлекет көп көңіл бөлуде. Сондықтан да ауылда өз кәсібін ашқысы келетіндерге Үкімет тарапынан әрдайым қолдау бар. Бұл бағытта кәсіпкерлерге «Бизнестің жол картасы- 2020» бағдарламасының екінші бағыты бойынша көмек көрсетілуде. Мемлекеттік бағдарлама аясында бөлініп жатқан қаржының қалай жұмсалып жатқандығын бақылау мақсатында өңірімізге «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ басқарма төрағасы Нармұхан Сарыбаев келді. Қызылжар ауданына қарасты Прибрежное селосының тұрғыны, жеке кәсіпкер Евгений Борисевич ағаш өңдеумен 2008 жылдан бері айналысады екен. Ол өндірісін кеңейту мақсатында екі ай бұрын аталған бағдарламаның көмегіне жүгініп, 1 млн.900 мың теңге несиеге ие болған. Оның 920 мыңына кәсіпкер Беларустың ленталы ағаш кесетін құрылғысын сатып алған.

Дәл осындай құрылғыны кәсіпкер бұған дейін де өзі жасап жүрген екен. Бірі электор қуатымен жұмыс істесе, екіншісі жанар-жағармаймен. Беларустың станогын сатып алғандағы мақсаты – өз өнімінің бұл жабдықтан айырмашылығының жоқ екендігін көрсету. Және кез-келген адам солтүстікте шығарылған өнімді әлдеқайда төмен бағамен сатып ала алады. Ал соңғы 4 жылда 57 дана ленталы ағаш кесетін құрылғы әзірлепті. Бүгінде Евгений Борисевичтің бизнесі өрге домалап келеді. Станоктардан басқа аққайыңнан үстелдердің де 3 түрін жасауға кіріскен.

 

Евгений Борисевич, “Борисевич Е.А.” ЖК директоры, Қызылжар ауданы:

– Мемлекет біз сияқты кәсіпкерлерге қаржылай қолдау көрсететінін естідім. Үстемеақысы да жеңіл 6 пайыз екен. Сондықтан да несие алуды ұйғардым. Қаражаттың жартысына құрылғы, қалғанын шикізат алуға жұмсадым. Енді қарызымды 4 жарым жылдың ішінде өтеуім керек.

 

Ауылда шағын кәсіпкерлік дамып жатыр, осының арқасында жұмыссыздық та азайған. Евгений Игнатенконың ағаш кесуші болып еңбек етіп жатқанына 5 жылдың жүзі болыпты.

 

Евгений Игнатенко, “Борисевич Е.А.” ЖК ағаш кесуші, Қызылжар ауданы:

– Жұмысым өзіме ұнайды. Мұнда еңбек етіп жатқаныма біраз жылдың жүзі болды. Ағаш кесумен айналысамын. Тәулігіне 8 текше метр ағашты өңдейміз.

 

Бұдан кейін келген қонақ Бескөлдегі кәсіпкерлердің жұмысымен танысты. Өз ісін дөңгелетіп отырғандардың бірі – Бақыт Сейілова. Ол мемлекеттің көмегіне осымен екінші рет жүгініпті. Алғашқысында тігін ательесін ашу үшін 900 мың теңге алған. Бұл жолы өндірісін кеңейту мақсатында 2 млн 800 мың теңгенің несиесіне ие болыпты. Сөйтіп, биылдан бастап осы ауылдағы 3 білім ошағының оқушыларына мектеп формасын тігуге тапсырыс алған.

 

Бақыт Сейілова, “Бақыт” тігін ательесінің директоры, Қызылжар ауданы:

– Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорымен 2010 жылдан жұмыс істеп келемін. Алған несиенің үстемеақысы да жеңіл. Осы жолы алынған қаржыға мен шикізат, қондырғылар сатып алдым. Сөйтіп, жұмысшыларымның еңбектенуіне жақсы мүмкіндік жасадым.

 

Мұнда қазір 4 тігінші бар. Оның екеуі зейнеткерлер. Нәзікжандылар ұлттық киімдерден бастап, тұрмысқа қажеттілердің бәрін өздері қолдан тігеді.”Бизнестің жол картасы -2020″ мемлекеттік бағдарламасының екінші бағыты бойынша ел қазынасынан 13 млрд теңге қарастырылыпты. Сөйтіп, Республикамыздың 14 облысындағы ауылдардың 4 мыңнан астам кәсіпкеріне аталған бағдарлама бойынша несие берілген. Биыл ауылдағы кәсіпкерлерді қолдау үшін республикалық бюджеттен қарастырылған қаражаттың 600 млн. теңгесі солтүстік өңірге бөлініп отыр. Сөйтіп, бұл сома бүгінде толығымен игеріліп, ауылдағы 291 жерлесіміз өз бизнесін ашу және өндірісін кеңейту мүмкіндігін алған.

 

Бану Ахметова