Мәдениет

Петропавлдық суретші халықаралық байқауда үздік үштікке енді

 

 

Виктория Чашко сурет салумен бала кезінен айналысады. Көбіне адамның бейнесін қағаз бетіне түсіргенді жақсы көреді екен. Сондықтан Германияда өткен байқауға оқушы қыздың мотоциклда отырған суретін салып жіберіпті. Ол үшін Виктория езілген бояу мен гуашьты қолданған.

 

Виктория Чашко, “Юнеско клубы” көркемөнер лицейінің түлегі:

– Байқауда 3-ші орын аламын деп ойламадым. Өйткені мен үшін ең бастысы жеңу емес, қатысу болатын. Дегенмен салынған дүнием жоғарғы бағаға ие болғанына қуаныштымын. Өйткені бұл менің әрі қарай жұмыс істеуіме серпін береді.

 

Викторияның бұл алғашқы жеңісі емес. 13 рет түрлі диплом мен сертификатқа ие болған. Жалпы, байқауға аталған лицейден 10 жұмыс жіберіліпті. Соның ішінде тек Викторияның салған суреті жоғарғы бағаға ие болып отыр.

 

Татьяна Никитина, “Юнеско клубы” көркемөнер лицейінің оқытушысы:

– Виктория өте дарынды қыз. Сурет салудың техникасын тез үйреніп алады. Байқаудың болатынын аяқ астынан естіп қалып, қатысуды ұйғардық. Виктория суретті 1 аптада салып бітті. Төккен теріміз зая кетпепті.

 

Германияда өткен байқауға әлемнің 42 елінен 10 мыңға жуық оқушы қатысқан.

 

Бану Ахметова