Спорт

Петропавлда велосипед спорты бойынша облыс чемпионаты жалауын көтерді

 

Чемпионат жеке сайыстан басталды. Алғаш болып 10 шақырымдық қашықтықты 13 және одан төмен жастағы балалар бағындырмақ. Сайыскерлердің арасында спортпен жаңа айналыса бастаған жандар аз емес.

 

Вадим Грязин,жарысқа қатысушы:

– Мен екі жыл қатарынан велосипед спортымен айналысып келемін. Велосипед тепкен ұнайды. Бұған дейін бірнеше жарыстарға қатысып, Астана, Қарағанды қалаларына барып үлгердім.

 

Өз қатарластарының арасында бірінші орынды Сергей Мальцев жеңіп алды. Ал 14 және одан жоғары жастағы велошабандоздар сынында Ахберт Сыздықов үздік деп танылды.

 

Ахберт Сыздықов, спорт шеберіне үміткер:

– Көктемде Шымкенттегі жарыста екі мәрте 2-орын алдым. Қазақстан чемпионатында жақсы нәтижеге қол жеткізіп, оқушылар арасындағы жарыста да алғашқы 20 үздіктің арасынан көріндім. Жалпы биылғы маусым мен үшін жаман болған жоқ. Енді Талдықорғанда өтетін жарысқа дайындалып жүрмін.

 

Облыстық дода қыркүйектің соңына дейін жалғаспақ. Чемпионатта 4 кезең қарастырылған.

Владимир Парахин, велоспорттан олимпиадалық резервтегі балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры:

– Жарыстан соң маусымды тұйықтаймыз. Үздік тәрбиеленушілерден облыс құрамасы жасақталады. Барлық жаттықтырушылардың, балалардың жұмысын қорытындылаймыз. Ел құрамасына іріктелгендер қазірдің өзінде Республикалық жарыстарға дайындалуда. 4 адам Алматы қаласында өтетін Евразиялық жастар ойындарына қызу дайындық үстінде.

 

Жарыстың екінші кезеңі қыркүйектің 21-де өтеді. Топтық жарыс 20 және 50 шақырымды құрамақ.

 

Мағжан Ахмадина