Ауыл шаруашылығы

Облыс әкімінің Аққайың, Тайынша аудандарына жұмыс сапары

 

Облыс әкімі Самат Ескендіров Аққайың ауданында ең алдымен “Астраханское” серіктестігінің танап басына ат басын тіреді. Ондағы жер телімі – 4100 га. Диқандар алқаптың жартысына жуығын жинап алған. Оның 50 пайызын тура соғып алса, қалғанын дестелегішпен терген. Егістік алқабында қазір 16 комбайн, 3 трактор мен 2 тіркемелі шалғы жұмыс істеп жатыр. Бір гектардың шығымдылығы 15-16 центнерден айналуда.

 

Владимир Зимин, “Астраханское” ЖШС директоры, Аққайың ауданы:

-Биыл бидай кешеуілдетіп піскендіктен, орақ науқанын кеш бастадық. Дәніміз орташа сұрыпты. Сондай-ақ, 430 мүйізді ірі қараға 1,5 мың тонна қысқы мал азығы мен 400 тонна шөп дайындадық.

 

Бұдан соң Самат Ескендіров “Дайындық Агро” серіктестігінің дала жұмыстарымен танысты. Олар биыл 7 216 гектар алқапқа ырыс дәнін сіңірген. Өңірімізде бұл шаруашылықтың өнімі жақсы көрсеткішке ие болып отыр. Мұны облыс басшысы да жоққа шығармады.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

-Аптаның басында ауа райы болмай, енді осы соңына қарай түзеліп, өңірдегі диқандарымыз түгел жұмысқа кірісіп, міне соның нәтижесін дайындық компаниясында көріп отырмыз. Бұл жерге әдейілеп келгеніміз осы жерде гектарына 32 центнерден беріп жатыр деп басшы айтты. Қазір егін құлап жатса да, техниканың арқасында шашау шықпай, жиналып жатқанын көріп отырмыз. Барлық диқандарға осы 20-25 күнде бітіру керек алдарына жоспар қойып отырмыз. Ол үшін барлық жанармай бар, барлық жағдай жасалған. Техникалары осы бүгінгі “Дайындық” компаниясында да дайындығын көрсетіп отыр.

 

Аталмыш серіктестіктің жалпы 10 мың гектар жері бар. 1500 гектарына рапс, қалғандарына сұлы, басқа да мал азығын сеуіпті. Орақ науқанына 86 жұмысшы мен 70 техника жұмылдырылған.

 

Біржан Шаймерденов, “Дайындық Агро” ЖШС директоры, Аққайың ауданы:

-Қазіргі уақытта біз 57 пайызын жинап алдық. Егіннің 70 пайызы құлатылды. Қазір екі бригада жұмыс жасап жатыр. Біреуі тура соғып жатыр, біреуі жинап жатыр. Мынау күннің ашығында енді 25 қыркүйекке дейін жинап аламыз.

 

Өңір басшысы “Ковыльное СК” ЖШС-ң де жұмысымен танысты. Егіс алқабында 70 жұмысшы мен 10 комбайн жүр. Серіктестік жетекшісі Орал Алдабергенов те егінді кешіктірмей жинап алуға шама жетеді дейді.

 

Орал Алдабергенов, “Ковыльное СК” ЖШС директоры:

-Осында 13200 га жеріміз бар. Оның 9 мыңы егістік алқабына бидай, 400 га арпа, 200 га сұлы. Бүгінгі таңда егіннің 37 пайызын жинап алдық. Егіннің шығымы 14,2. Бидайдың сапалығы биыл жаман емес.

 

Облыс әкімі жолшыбай Тайынша ауданындағы “Краснополянское” серіктестігіне соқты. Мұнда жұмысқа 50 комбайн тартылған. Серіктестік директоры Юрий Красноголовыйдың айтуынша, олар техникаға қажетті құрал-сайманды күтіп қалып, орақ науқанын кеш бастапты. Жиналып жатқан ырыс дәнінің ылғалдылығы 19 пайызды құрайды.

Тайынша ауданының әкімі ауа райы түзу болса, орақ науқанын 20 қыркүйекте аяқтаймыз дейді.

 

Серік Салтықов, Тайынша ауданының әкімі:

-Қазір ауданымыздың барлық агроқұрылымдары егіс алқабында. Көбі 40 пайыздан астам егінді жинап алды. Оның 35 пайызы бастырылды. Егер ауа райы қолайлы болса, 15-20 күнде орақ науқанын бітіреміз деп жоспарлаудамыз.

 

Кейін Самат Ескендіров Драгомировка селолық округіндегі “Жаркөл” серіктестігінің жұмысымен танысты. Шаруа қожалығының басшысы Александр Кобзев бірінші кезекте майлы дақылдарды жинауды жөн көрген. Өйткені, салқын түссе, жасыл дәндері түсіп қалады екен. Зығыр мен рапсты ол 30 күннің ішінде жинап бітірмек. “Жаркөл” шаруа қожалығында да күзгі орақ науқаны қызу жүріп жатыр.

 

Александр Кобзев, “Жаркөл” ЖШС директоры:

– Егіннің 25 пайызын орып алдық. Бидайды бүгін жақсы қарқынмен жинап жатырмыз. Сонымен қатар, майлы дақылдарды да құлаттық. Өйткені, алда суық болады деген болжамдар жасалды. 5000 га жерді десикациядан өткіздік. Яғни, өсімдікті құрғататын арнайы химиялық ұнтақ септік. Бүгінде сол жердегі өнімінің ылғалдылығы төмендеп, 16 пайызға жетті.

 

Диқандар қауымымен әңгіме барысында Самат Ескендіров барлық мүмкіндіктерді пайдалана отырып, егін орағын шамамен 20-25 күн ішінде аяқтау керектігін тапсырды.

 

Берік Қасен