Ауыл шаруашылығы

Облыс әкімі аграрийлерге астықты қыркүйек айының аяғына дейін жинап алуды міндеттеді

 

Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Серікбай Тұралиновтың дерегіне сәйкес, бүгіндері облыс бойынша 2 млн 71 мың га алқаптағы егін орылған. Оның 43,7 пайызы бастырылса, 515 мың гектар аумақтағы астық тура соғылған. Астықты дестеге түсіруден Қызылжар, Аққайың, Мамлют және Есіл аудандары алда келеді. Мұнда алқаптардың 60-70 пайызы орылып үлгерді. Ал көш соңында Ақжар, Жамбыл және Тайынша аудандары. Егін шығымдылығы гектарынан 13,4 ц құрап отыр.

 

Серікпай Тұралинов, СҚО ауыл шаруашылғы басқармасының басшысы:

-Берекелі өнім алып жатқан аудандар қатарында жұмабаевтықтар бар. Мұндағы шаруашылықтарда гектарынан 15,6 центнер өнім алуда. Сондай- ақ, бұл көрсеткіштен Айыртау және Қызылжар аудандары да жоғары деңгейде. Гектар шығымдылығы жөнінен Тимирязев және Шал ақын аудандары көш соңында қалған. Мұнда егіннің әр гектарынан не бары 10 центнерден жиналуда.

 

Өңіріміздегі 55 элеватор осы күндері 240,5 мың тонна астықты қабылдап үлгерген. Қамбаға құйылған астықтың 88 пайызын 3-ші сыныпты бидай құрайды. Жалпы ақпараттан соң өңір жетекшісі әр аудан әкімінің есебін тыңдады. Бұл тұста өңір басшысы агроқұрылым жетекшілеріне ауа райына қарамастан егін орағын қарқынды түрде жалғастыруды тапсырды.

Бітік шыққан астықты жинап алуға барлық техникалық мүмкіндіктерді пайдалану қажет. Бұл ретте орақ науқанын аяқтаған шаруалар өзгелерге көмек қолын созу керек. Есеп берген Жамбыл ауданының әкімі аймақ басшысынан ескерту алды. Өйткені мұндағы кей шаруа қожалықтарында егін шығымдылығы 4 пайызды ғана құрап отыр. М.Жұмабаев ауданында да жұмысты жеделдету қажеттігін ескерткен облыс әкімі қыркүйектің соңына дейін барлық өнімді жиып алуды тапсырды.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

-Жаздың бір күні қыстың мың күніне азық.

 

Шал ақын ауданы әкімінің есебін тыңдаған аймақ басшысы оған ескерту жасады.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

-Фактілерге сүйене бермей, нақты цифрлерді баяндау қажет.

 

Селекторлық кеңес соңында өңір жетекшісі Самат Ескендіров облыс агроқұрылымдарына дәнді ысырапсыз, уақтылы жинап алуды тағы бір міндеттеді.

 

Мағжан Ахмадина