Спорт

Банкиада-2013

 

 

Міне 16 құрама сап түзеп алаңға қарай бет алды. 350-ге жуық қаржы мамандарынан жинақталған командалар бүгін өз іштерінде мықтыны анықтайды. Биыл банк қызметкерлері арасында өткізілетін жыл сайынғы спаракиаданы ұйымдастыру«Нұр банк» АҚ филиалына бұйырыпты.

 

Алексей Завягин, «Нұр банк» АҚ Петропавл қаласы бойынша филиалының директоры:

– Сайыстың мақсаты, қызметкерлер арасында спортты дамыту, дене шынықтыруға деген олардың қызығушылығын ояту, спортты насихаттау болып табылады. Жеңімпаздар кубоктармен және бағалы сыйлықтармен марапатталады. Ал жеке сында топ жарған қызметкерлер дипломдарға ие болады.

 

Ең алдымен нәзік жандылар тартысқа түсті. 60 метрге жүгірген олар сайыс көрігін алғашқы минуттардан-ақ қыздырды. Әріптестерін қолдауға келгендер де қаржы қызметкерлері арасындағы бәсеке жоғарғы деңгейде өтетіндігін біледі, сондықтан жанкүйерлер де командалар үшін ерекше қобалжуда.

 

– Мен «Нұрбанк» командасына жанкүйер ретінде келдім.Әріптестеріме сәттілік тілеймін.

– «Нұрбанкте» істеп жүргеніме бір жыл болды. Мұндай сайыстар қызметкерлерді біріктіріп, алға жетелейді. Команда үшін өте қобалжулымын.

 

Александр Медовиков ерлер арасындағы 100 метрге жүгіру бойынша жарыс жеңімпазы. Ол аталмыш қашықтықты 11,42 секундта бағындырған. Өз жеңісін үздіксіз дайындықтың арқасында деп біледі.

 

Александр Медовиков, «Цесна банк» құрамасының мүшесі:

– Мен 1-ші кезеңді де, екіншісін де мәре сызығын алғаш болып кестім. Бұл жаттығулардың арқасында деп білемін. Өйткені банк қызметкерлері арасында да спортта шебер жандар көп. Әрине 1-ші орын аламын деп ойламадым. Дегенмен намысқа тырысып, «Цесна банктің» абыройын асқақтатып, бәсекелестерімді шаң қаптырдым.

 

Банк қызметкерлері тартысты жеңіл атлетика бойынша жалғастырып жатқанда, басшылық дартстан өз өнерлерін көрсетті.

 

Жомарт Қажырахимов, ҚР “Ұлттық банкі” СҚФ директоры:

– Бүгіндері банк қызметкерлері арасында спортқа деген қызығушылықтың артып келе жатқаны қуантады. Қазіргі таңда облысымызда 1500 адам банк саласында қызмет етсе, солардың көбі спортпен шұғылданады.

 

Жарыс қорытындысы бойынша үздік үштікті «Халық банк» командасы тұйықтады, 2-ші орынды «Цесна банк» құрамасы місе тұтты. Ал тұғырдың алғашқы сатысынан”Ресей жинақ банкінің” қызметкерлері көрінді.

 

«Ресей жинақ банкі» құрамасының өкілі:

– Біз бүгін жеңіске жеттік. Басқа банктерге де дайындалып, шыңдала берсін демекпін. Барлығына сәттілік. Ал өзімізге мен әрине жеңіс тілеймін.

 

Жеңімпаздар марапатталғаннан кейін сайыс алауы «АТФ» банкіне тапсырылды. Қаржы институты келесі жылы өтетін спартакиаданы ұйымдастырады.

 

Мағжан Ахмадина