Қоғам

Жас депутаттар форумы

 

 

Қазақстанда бүгінде 35 жасқа дейінгі 300-ге жуық депутат бар. Бұл – барлық депутаттардың 8,8 пайызы. Олардың саны соңғы жылдары екі есеге артқан екен. Ол – жастардың саясатқа белсене араласа бастағанын білдіреді.

Нұрлан Шалғынбай – елінің ұлтжанды азаматтарының бірі. Депутат боламын, халқымның сөзін жоғарыға жеткіземін деген егеменді елдің есті ұрпағының санын әлі де болса көбейту қажет дейді.

 

Нұрлан Шалғынбаев, Қорғалжын аудандық мәслихатының депутаты, Ақмола облысы:

-Мәслихаттардағы жастардың рөлін арттыру керек және олардың санын да арттыру қажет сияқты. Өйткені, қазіргі қоғамда көптеген өзгерістер болып жатыр. Біздің Елбасымыз: “Саяси қоғамда жастардың рөлін арттыру керек” деп айтқан болатын. Сол себепті, бірінші кезекте, мәслихаттардан бастаған дұрыс деп ойламын. Өйткені, олар жергілікті халықпен тікелей араласады.

 

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мейрам Бегентаев белсендінің жасына емес, істеген ісіне қарау қажет деген пікір білдірді. Мәселен, ең жас ауыл әкімі Солтүстік Қазақстанда жұмыс істейді. 26-дағы азаматтың жергілікті мәселелерді шешудегі тәжірибесі мол. Яғни, бұл жолда білім мен еңбекқорлық қатар жүруі керек. Ал, мұндай жастарға бар мүмкіндігін жүзеге асыруға Қазақстанда жағдай жеткілікті.

 

Мейрам Бегентаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

-Бүгін солтүстікқазақстандық депутаттардың өте белсенді екендігін байқадым. Ашық және мейірімді. Олармен жұмыс істеу өте тиімді. Өйткені, өзекті мәселелерді шешуде нақты ұсыныстар жасай біледі.

 

Жергілікті өзін-өзі басқаруды жетілдіруде екіжақты тығыз әріптестіктің арқасында тәжірибенің артатыны сөзсіз. Бұл орайда ресейлік депутаттардың да бөлісетіні бар.

 

Глеб Трубин, Түмен облыстық Думасының депутаты, Ресей:

-Бізде жас депутаттардың ақпараттандыру, жаңа технологиялар бойынша қолға алған жобалары бар. Мәселен, құжат айналымы толығымен электронды түрде болуы тиіс деген. Олар ойларын сәтті жүзеге асыруда. Сондай-ақ, бір жоба “Белтемір әр аулаға” деп аталады. Маңайды абаттандыруға жастар белсенді қатысады.

 

Форум екі күнге жалғасады. Соңынан қонақтар Петропавл қаласының мәдени орындарын аралайды.

 

Данаш Хамзина