Денсаулық сақтау

Жаңа жабдықтар онкологиялық зерттеулердің сапасын арттырады

 

 

Бұл екі сұйықтық цитологиясы аппараты онкологиялық диспансерге жуырда ғана әкелінді. Бұндай құрылғы еліміз бойынша 17 дана екен. Дәрігерлер осы “Сэлл Скан 200” және “Сэлл скан СТА 200” аппараттарымен жатыр мойынының қатерлі ісігіне алынатын сараптама қорытындысына қол жеткізу әлдеқайда сапалы болды дейді. Өйткені, мұнда барлығы автоматтандырылған.

 

Жанат Хапизов, СҚО онкологиялық диспансерінің зертханашы-дәрігері:

– «Сэлл скан 200» аппараты көзге көрінбейтін жасушылардың элементтерін анықтауға арналған. Ол үшін арнайы щетка мен шыны ыдыс қолданылады. Ал, келесі құрылғы шыныны бояуға арналған. Бұнда барлық бағдарлама бар. Ол сағатына 80 шыныны бояйды.

 

Бұл екі аппараттың ерекшелігімен танысу үшін қала мен аудандағы акушер, акушер-гинеколог, онколог дәрігерлер бас қосты. Өйткені нәзікжандылар арасында жатыр мойнының қатерлі ісігі өзекті мәселе. Сондықтан да мұнда жиналған ақхалатты абзал жандар сұйықтық цитологиясы құрылғысының ерекшелігімен көз жеткізді. Қаладағы 2-ші емхананың дәрігерлері де жыл сайын скринингтік тексеру өткізіп отырады екен. Мәселен былтырғы жылы жатыр мойны ісігінің ерте кезеңін 1 әйелден анықтапты. Биыл бұл дертке шалдыққандар жоқ. Аталған емханада жыл басынан жоспарланған скринингтік тексеруден нәзікжандылардың 70 пайызы өткен.

 

Әсия Байбекова,2-ші қалалық емхананың гинеколог-акушер дәрігері:

– Бүгін біз жаңа аппарат жайында көп мағлұмат алдық .Бұл құрылғы жатыр мойыны қатерлі ісігін анықтауда пайдасы зор. Біздің еліміз де осындай заманауи құрылғыны қолданып жатқандығы қуантады. Бұл – біз үшін үлкен көмек. Өйткені, осы құрылғының арқасында сараптаманың дәл қорытындысын ала аламыз.

 

Биылғы жылдың 8 айының ішінде облыс бойынша скринингтік тексерістен жоспарланған 22627 нәзікжандының 16415-і өткен. Оның 3-еуінде жатыр мойынының қатерлі ісігіне шалдыққандар анықталып отыр. Ал, ерте кезеңі 11,1 пайыз азаматшада кездескен. Аталған аурухананың гинеколог-дәрігері Амангелді Әділшиннің осы жерде жұмыс істеп жүргеніне 25 жыл болыпты. Ол заманауи құрылғылар жұмысымызға серпін береді дейді.

 

Амангелді Әділшин, СҚО онкологиялық диспансердің гинеколог- дәрігері:

– Бұдан бұлай біз тәжірибемізде сұйықтық цитологиясы аппаратын қолданатын боламыз. Елімізде аталған құрылғымен тексеру жүргізудің енгізіліп отырғанына көп болған жоқ. Айта кететін тағы бір жайт. Бұған дейін халық өз денсаулығына аса мән бере бермейтін. Ал, соңғы кездері алдын ала тексерістен өтіп тұратындардың қатары артқан.

 

Дәрігерлер көбіне бұл қатерлі дертке жасанды түсік тастау, шылым шегу, әр кіммен төсек қатынасында болу сынды жағдайлар себепші болып отырғанын айтуда. Сондықтан да ақхалатты абзал жандар нәзікжандыларға кем дегенде жылына бір рет тексерістен өтіп тұруға кеңес береді. Егер де жатыр мойыны қатерлі ісігінің алғашқы кезеңі анықталса, оны емдеуге болады. Ал, жалпы бұл ауруханаға 2016 жылға дейін 1 млрд 600 млн теңгенің медициналық құрылғылары сатып алынады деп жоспарлануда.

 

Бану Ахметова