Аптадағы маңызды жаңалықтар

Астықты 15-20 күнде жинап алу керек

 

 

Облыс әкімі алдымен Шал ақын ауданының Жаңажол селолық округінде орналасқан “Азко-Жаңажол” серіктестігінің танап басына ат басын тіреді. Ондағы жер телімі 4,5 мың гектар. Диқандар жалпы алқаптың 30 пайызын тура соғып алса, 48 пайызын дестеге түсірген. Танап басында қазір 4 комбайн мен 5 тіркемелі лафеттік шалғы жұмыс істеп жатыр. Гектар берекелілігі 13 центнерден айналуда.Бұдан соң Самат Ескендіров “Пармен Агро” серіктестігінің дала жұмыстары барысымен танысты. Олар биыл 1700 гектар алқапқа ырыс дәнін сіңірген. Оның 27 пайызын жинап алса, 50 пайызы дестеде жатыр. Өнімділік орташа есеппен 13 центнер.

Аталмыш аудандағы “Стимул” шаруа қожалығында да күзгі орақ науқанының қызған шағы. Олардың меншігіндегі жер телімі 2700 гектар. Оның 450 парға қалтырылса, 1600 бидай себілген. Қалғанына рапс пен зығыр дәні басылған.

 

Владимир Пафов, “Стимул” ШҚ басшысы, Шал ақын ауданы:

-Майлы дақыл өсірумен 10 жыл айналысып келеміз. Биыл 760 гектарға орналастырылды. Қазір рапсты орып жатырмыз, шығымдылы жақсы. 18-20 центнерден өнім беруде. Соңғы түскен ылғал да тік тұрған алқаптарға жақсы болды. Ондағы гектар берекелілігі 20 центнерден асады деп жоспарлап отырмыз.

 

“Гермес Агро” серіктестігіне ат басын тіреген өңір басшысын агроқұрылым жетекшісі Виктор Окунев танап басында атқарылып жатқан жұмыстан құлағдар етті. 5200 гектарды құрайтын жалпы алқаптың бүгінгі таңда 32 пайызы толығымен жиналып алынса, 51 пайызы құлатылыпты. Қуаттылығы жоғары 5 комбайын қазір астықты тура соғып жатыр. Өнімділік 16-17 центнерден айналуда. Жалпы шалақындық диқандар осы жылы 201 мың гектар жерді игерген. Оның 14100 – майлы, қалғанын дәнді дақылдар құрайды. Астықтың 44 пайызы дестеге түсірілсе, 23 пайызы қамбаға құйылған. Гектар берекелілігі орта есеппен 11,4 пайызды құрайды. Бұдан соң облыс әкімі Тимирязев ауданындағы күзгі дала жұмыстары барысымен танысты. Биыл олар 207 мың гектар жерге ырыс дәнін сіңірген. Қазіргі күні оның 49,9 пайызын дестеге түсірсе, 37 пайызын жинап алыпты. Гектар берекелілігі 9,9 центнер. Құртай ауылдық округінде шаруалар биыл 11 мең гектар алқапқа дән сепкен. Бүгінде танаптардың 30 пайызы жиналып алынса, 40 пайызы дестеде жатыр. Диқандар ауа райының қолайсыздығы кедергі келтіруде дейді.

Ақжан селолық округіндегі “Солтүстік Байлық” серіктестігіндегі дала жұмыстары да облыс әкімінің назарынан тыс қалған жоқ. Агроқұрылымның жалпы жер телімі 26000 гектар болса, оның 12300 осы округте. Олар да ырыс дәнін ысырапсыз жинап алуда қолда бар мүмкіндікті пайдалануда. Танап басында қазір өнімділігі жоғары 25 комбайн жүр.

“Ақсуат Зерно” серіктестігінің жер телімі 1899 гектар. Олар да егін орағына ел қатарлы кіріскен. Алайда жұмыстары мәнсіз. Техникалар тоқтап тұр. Серіктестік жетекшісі Ирина Солдатенко бидайдың ылғалдылығы 16 пайыз, сондықтан оны жинау мүмкін болмай отыр дейді. Өңір басшысының Тимирязев ауданында аялдаған соңғы агроқұрылымы “Мичуринское” серіктестігі. Облыс әкімімен әңгіме барысында қожалық жетекшісі Александр Барамидзе күзгі дала жұмыстары жоспарға сай атқарылып жатқандығын атап көрсетті. Ондағы жалпы алқап 12000 гектар. Оның 3300 гектары – рапс, 3200 гектарға зығыр егілсе, қалғанын бидай құрайды. Қазіргі күні оның 40 пайызы жиналып алынған. Егін тура соғылуда.

 

Александр Барамизде, “Мичуринское” ЖШС директоры, Тимирязев ауданы: -Гектар берекелілігі 17-18 центнерден айналуда. 1300 гектар арпа дестеде жатыр. Одан 25-27 центнерден өнім аламыз деп отырмыз. Ауа райының қолайсыздығынан бидайды тура соғудамыз. Оған 12 комбайн жұмылдырылды. Танап басынан астық бірден қырманға жөнелтілуде. Бүгінге дейін 3 мың тонна бидайды элеваторға өткіздік. Сонымен қатар қазіргі күні 1 мың тонна тұқымдық бидайды сақтауға салдық.

 

Аталмыш серіктестік егіншілікпен қатар мал шаруашылығын дамытуды да қолға алған. Өткен жылдың соңында Америкадан “Ангус” тұқымдас 247 бас құнажын әкеліпті. Теріскейдің қысын жақсы көтерген. Мал шығын болған жоқ дейді агроқұрылым басшысы. Ірі қараға биылғы қысқа қажетті жем-азықта толығымен әзірленген.

 

Александр Барамизде, “Мичуринское” ЖШС директоры, Тимирязев ауданы: -Қазір 1200 тонна сүрлем бастырып, 1,5 мың тонна сапалы суданка шөбін маялап қойдық. Ол шаруашылықтағы ірі қараға толығымен жеткілікті. Ауыл халқын да жемазықсыз қалдырмаймыз. Оған мүмкіндігіміз бар.

 

Бұдан соң облыс әкімі Есіл ауданындағы “Агрохимснаб” серіктестігінің қырман басына ат басын тіреді. Қазір онда биылғы жылдың астығы қабылданып жатыр. Танап басынан жеткізілген бидайдың ылғалдылығы жоғары. Бірақ ол арнайы кептіргіштерден өткізілуде. Агроқұрылым биыл астық сақтайтын екі қойма тұрғызыпты. Әрқайсысының сыйымдылығы 3 мың тонна. Қазір онда асфальт төсеу жұмыстары аяқталып жатыр. Самат Ескендіров серіктестіктің танап басында болып, орақ науқаны барысымен де танысып шықты. Ауа райы бұларға да кедергі келтірген. Бірақ оған қарап жатқан шаруалар жоқ. Техникалар толық қуатта жұмыс істеп жатыр.

 

Василий Шкодин, “Агрохимснаб” ЖШС директоры, Есіл ауданы:

-Ауа райы кедергі келтіргендіктен жұмыс үш күнге тоқтап қалған. Бірақ бүгін ораққа қайта кірістік. Енді күннің ашылуын тосудың қажеті жоқ. 24-25 пайыз ылғалдылықпен бидайды соға беруге болады. Ал қазан айында қар аралас жауын шашын басталса онда ылғалдылық 30 пайызға дейін жетіп қалады. Одан пайда жоқ. Сондықтан бар мүмкіндікті пайдаланып, күзгі дала жұмыстарын 15-20 күннің ішінде аяқтау қажет.

 

Жаздың бір күні қыстың қырық күніне азық болады. Сондықтан әр күнді мейлінше пайдалану қажет.

 

Самат Есмағи