Қоғам

Жүз жасаған ардагер

 

 

Федор Брацихиннің жауынгерлік еңбек жолы 1935 жылы басталған. Соғыстың алғашқы жылдарында-ақ жаумен күресуге аттанып, теміржол әскерінің қатарында болады. Сталинград және Белорусь майдандарында жаумен шайқасып, Кенигсбергті алуға септігін тигізеді. Соғыстан кейінгі жылдардан соң ол «Петропавлстрой» өндірістік-техникалық тресінде қызмет атқарып, зейнетке шығады. Федор Брацихин екі баланы тәрбиелеп, қазір олардан 3 немере, екі шөбере сүйіп отыр.

 

Татьяна Селиванова, Федор Брацихиннің қызы:

-Әке әр адам үшін қадірлі жан. Ол өте жомарт, мейірімді. Ағам екеуміздің тәрбиемізге, сабағымызға қатты көңіл бөлді. Кейін немерелерін тәрбиелеуге атсалысты.Ол бір сәтке болсын құр отырмайтын. Сондай еңбекқор жан.

Сұрапыл соғыс жылдардағы батырлығы үшін Федор Ефимович «Қызыл жұлдыз», «Ерлігі үшін» медальдарымен марапатталған. Бүгін ардагерді мерейтойымен туғандары және қала әкімі Төлеген Закариянов құттықтады. Жауынгерлік жолы 22 жылдан асатын қарияның жүріп өткен жолы келешек ұрпаққа үлгі.

 

Ардақ Бекешев, Петропавл қаласы қорғаныс істері жөніндегі басқармасының жұмылдыру даярлығы және аймақтық қорғаныс бөлімшесінің бастығы:

– Федор Брацихиннің жүріп өткен жауынгерлік жолы бізге үлгі. Ылғи осылай ардагерлерді құттықтаймыз.

 

Бүгіндері 100 жасаған қария газет оқып, жаңалықтарды назардан тыс қалдырмайды. Қарияның ұзақ жасауының сыры оның еңбекқорлығында дейді жақындары.

 

Мағжан Ахмадина