Билік

Тәртіптік кеңес отырысында алты мемлекеттік қызметшінің ісі қаралды

 

 

Прокурорлар өткен мамыр айында Петропавл қаласы әкімдігінің тұрғын үй комиссиясының жұмысын тексеріп, бірнеше заңбұзушылық тапқан. Бұл жөнінде Петропавл қаласының прокуроры Қонысбек Ибраев мәлімдеді.

 

Қонысбек Ибраев,Петропавл қаласының прокуроры:

-Тексеру барысында көптеген заңбұзушылықтар тіркелді. Кезекте заңсыз тұрған азаматтарға мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана берілген. Жеке басында үйі барларға да баспана ұсынылған фактілер анықталды.

 

Бүгінде облыс орталығында 4 мыңнан астам адам баспана кезегін күтуде. Бұл орайда Петропавл қаласы әкімінің орынбасары әрі тұрғын үй комиссиясы төрағасының орынбасары Қайролла Ғалеев барлығын заңға сүйеніп жасадық дейді.

 

Қайролла Ғалеев, Петропавл қаласы әкімдігінің тұрғын үй комиссиясы төрағасының орынбасары:

-Пәтерлер кезекке 2004-2005 жылдары тұрған азаматтарға ұсынылды. Олардың істерін қарау барысында Заңның талаптары толығымен орындалды. Оларды кезектен алып тастауға біздің құқығымыз жоқ. Ал, үйі бар азаматтарға баспана беру мәселесіне тоқталсақ, онда біз баспаналардағы санитарлық-техникалық нормалардың сай болмауын ескердік. Мәселен бір үйде 4 адамнан тұрады дейік. Ал, әрбіреуіне 16 шаршы метрден болу кеерк. Сол себепті, мұндай олқылықтарды орнына келтіріп отырдық.

 

Бұдан кейін тұрғын үй комиссиясының өзге мүшелері де тыңдалды. Бір тақырып төңірегіндегі 5 мәселе 2 сағат бойы қызу талқыланып, ақыры бір шешім шықты. Тәртіптік кеңестің мүшелері бұл істе сыбайлас жемқорлық жоқ деп танып, оны ары қарай қарауды тоқтатты.

Ал, Айыртау психоневрологиялық интернаты директорының орынбасары Руслан Дулеповқа қатысты қызметінен босату туралы ұсыныс жасалды. Облыстық қаржы полициясы басқармасының аға инпекторы Есілбек Рамазанов баяндағандай, ол мемлекеттік сатып алулар жөніндегі комиссияның төрағасы бола отыра олқылық жіберген. Өйткені, азық-түлікпен жабдықтау бойынша өткен тендерді жеңіп алған екі серіктестіктің қожайыны бір адам болып шықты. Бұл ұсынысты кеңес мүшелері бірауыздан қолдады.

 

Данаш Хамзина