Құқық қорғау органдары

Петропавлдың дәл ортасында болған жол-көлік апатында екі азамат қаза тапты

 

Қайғылы жол апаты облыс орталығында Мир мен Интернационал көшелерінің қиылысында түнгі сағат 2-лер шамасында орын алды. Көлік қақтығысын көрген куәгерлердің айтуынша, «КІА» маркалы машинасының жүргізушісі бағдаршамның рұқсат етілмеген қызыл түсіне өтіп кетіп, «АУДИмен» соқтығысып қалған. Салдарынан 2-ші көліктің жүргізушісі ауыр жарақат алып, оқиға орнында көз жұмды. Оның кәмелеттік жасқа толмаған 3 баласы бар екен. Бұл жол-көлік апатынан 18 жастағы Петропавл қаласының тұрғыны да зардап шеккен. Оны тәртіп сақшылары жол жиегінен тауып алды. Жапа шегуші алған жарақатынан ауруханада көз жұмды. Қазір азаматтың ол жерге қайдан келгені анықталуда. Ал, «КІА» көлігіндегі отырған жолаушы да дене жарақаттарымен емханаға жеткізілді.

 

Әбілсейіт Жолаушин, СҚО ІІД ЖПБ аға инспекторы:

– Бағдаршамның қызыл белгісін елемеген «КІА» көлігінің жүргізушісі оқиға орнында тұтқындалып, Петропавл қалалық ішкі істер басқармасының уақытша ұстау абақтысына қамауға алынды. Аталмыш жол- көлік апаты бойынша оның үстінен қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жалғасуда.

 

Тәжірибе көрсетіп отырғандай, жылдамдықты асыру, көлікті мас күйінде басқару мен қарапайым ережелердің сақталмауынан қайғылы апаттар орын алуда.

 

Әбілсейіт Жолаушин, СҚО ІІД ЖПБ аға инспекторы:

-Мен тағы да барлық көлік жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерді жол ережесін қатаң сақтауға шақырамын. Өйткені, оның салдарынан көбісі осындай қайғылы оқиғаға душар болуда.

 

Тәртіп сақшылары жүргізген алдын алу шараларының барысында жолда болатын апаттар біршама азайыпты. Мәселен, былтырғы жылдың 8 айында 246 жол-көлік оқиғасы тіркелсе, биыл бұл көрсеткіш 12-ге кеміген. 33 адам қаза тауып, 294-і түрлі дене жарақаттарын алған.

 

Берік Қасен, материал облыстық ІІД баспасөз қызметінің көмегімен әзірленді