Денсаулық сақтау

Өңірдің денсаулық сақтау саласына 200-ден астам маман қажет

 

 

Бұл жерге бір тәуліктің ішінде 400-ге тарта шақырту түседі. Әр хабарласқан науқастың қоңырауы қас қағым сәтте базаға енгізіліп, кезекші топ 3 минуттың ішінде шақыртылған мекен-жай бойынша көмекке шығады. Жедел жәрдем орталығында істейтін ақ халаттылыр 12 сағат дамыл көрмейді. Мұндай аса жауаптылықты талап ететін жұмысқа екінің бірі келе бермейді. Тек оқуда озат, белсенді жастар сайдың тасындай іріктеліп алынады. Сайфиддин Абдурахманов облыстық жедел медициналық көмек көрсету орталығына 4 жыл бұрын келіпті. Ол 2010 жылы ОҚО, Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетін тәмамдаған. Кейін шақыртумен біздің өңірімізге жұмысқа орналасыпты. Кәсібімнің қыр-сырын әлі де игерудемін дейді.

 

Сайфиддин Абдурахманов, облыстық жедел медициналық көмек көрсету орталығының дәрігері:

– Басында тәжірибенің жоқтығынан жұмысқа бірден үйреніп кету қиындау болды. Сондықтан мен түсінбегенімді әріптестерімнен кейде осы жерде бұрыннан істеп жатқан үлкен ағаларымнан сұрап үйренудемін. Жұмыста әр түрлі жағдайлар болады, түрлі адамдар кездеседі. Бірақ, біз оларға түсіністікпен қарағандықтан, бәрін жақсы түсінеді. Олар жағдайын түсіндіргеннен кейін керек емін беріп, керек болса, ауруханаға жеткізіп, барлық жағдайын істеп жүрміз.

 

Сайфиддин Абдурахманов денсаулық сақтау саласына қатысты 2011 – 2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттiк бағдарламасының берері мол дейді. Мемлекеттік жоба аясында жергілікті бюджеттен көтерме қаражат алып баспаналы болыпты. Жақында шілде айында Астана қаласына барып, кәсіби біліктілігін жетілдіріп келіпті.

 

Сайфиддин Абдурахманов, облыстық жедел медициналық көмек көрсету орталығының дәрігері:

-Келген жылы 200 мың теңге көтреме ақша берді. Бір жылдан кейін дәрігерлер үйінен бір бөлмелі пәтер берді. Қазір отбасымен бірге сонда тұрамын.

 

Ал, Куаныш Ахметов 3 жыл бұрын Солтүстік Қазақстан медицина колледжін бітірісімен бірден жедел жәрдем орталығында жұмыс істеймін деп шешім қабылдаған.

 

Қуаныш Ахметов, облыстық жедел медициналық көмек көрсету орталығының фельдшері:

-Бұл жерге кез-келген фельдшерді жұмысқа ала бермейді. Ол қызыл дипломмен бітіргендер немесе оқуы жақсы мамандар. Ол енді жаңа заманауи әдістермен оқу орындарын бітіп келгендер. Теория жағынан ондай көп қиналмайды, көбіне практикалық жағынан. Мынау жедел жәрдемде кейде түсініксіз жағдайлар болады. Соған байланысты әрқашан сұрақтарын қояды. Сонымен қатар мында тек қызметкерлердің ақыл-кеңестеріне ғана жүгініп қоймайды. Мұнда бәрі ұйымдастырылған. Тренинг пен семинарлар өтеді.

 

Бүгінде облыстық жедел медициналық көмек көрсету орталығында 276 арнайы маман жұмыс істейді. Оның 114-і фельдшер болса, 30-ы дәрігер маман. Көбі жоғары санатты, өз ісіне мығым жандар.

 

Мамадияр Байғұлов, облыстық жедел медициналық көмек көрсету орталығының бас дәрігері:

-Бізге жергілікті бюджеттен көбірек қаражат бөлінді. Соның арқасында биыл 18 фельдшерді жұмысқа қабылдадық. Көбі жас мамандар. Енді олармен жоспарлы түрде деңгейлерін көтеру үшін мақсатты түрде көп жұмыс атқарамыз. Әрбіреуін тәжірибесі көп мамандарға тіркеп қойдық. Солармен жұмыс істейді, көрсетеді, ақыл үйретеді.

 

Бас дәрігер Мамадияр Байғұловтың айтуынша, 17-40 жас аралығындағы жерлестеріміз көмекке аса зәру емес. Ал Петропавл қаласы тұрғындарының дені егде жастағы адамдар. Сондықтан да олардың жедел жәрдемнің көмегіне сұранысы да артуда. Соған сай аталмыш мекеме әлі де оқуда озат, істе озық жас мамандардың қатарын толықтырмақ ниетте. Сонымен қатар жыл басында бұл орталыққа жаңадан 7 жедел көмек машинасы берілген екен. Алдағы уақытта тағы заман талабына сай 7 автөкөлік әкелінбек.

 

Берік Қасен