Билік

Жаңа сайланған әкімдерге жергілікті өзін-өзі басқару заңнамасы түсіндірілуде

 

 

Ел тарихында алғаш рет өткен ауылдық округтердің әкімдерін сайлауға Солтүстік Қазақстанда 571 үміткер қатысып, оның ішінен 194-і таңдап алынды. Енді, олардың алдында ауылдың әлеуетін арттыруда жауапты міндеттер тұр. Өйткені, “Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару” туралы Заңына өзгертулер мен толықтырулар енгізіліп, ауыл әкімдерінің қызмет ету аясы кеңейтілді. Бұл оларға қордаланып қалған мәселелерді өздігінен шешуге мүмкіндік береді. Ол үшін жеке табыс көзін құру керек.

 

Жеңіс Қасымбек,  ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің жауапты хатшысы:

-Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту 2 кезеңмен жүргізіледі. Біріншісінде, яғни 2013-2014 жылдары ауыл әкімдерінің қаржылық мүмкіндігін кеңейту бойынша іс-шаралар қабылданады. Бұл өзінің жеке бюджеті жоқ басқару деңгейіне қатысты. Ал, негізінен елді мекендерді қаржыландырудың қазіргі жүйесі сақталады.

 

Жиынға келгендердің заң жобасын әзірлегендерге қойған сұрақтарына Өңірлік даму министрлігінің Жергілікті өзін өзі басқару, ауылдық және шекара маңындағы аймақтарды дамыту департаменті директорының орынбасары Нұрлан Мақсұтов тұшымды жауап берді. Азаматтардың сауалдары негізінен мүлік жалдаудан түскен табысты, жеке және заңды тұлғалардың ерікті жинақтары мен бюджетті құруға қатысты болды. Отырысқа жақын маңдағы 4 ауданның өкілдері қатысты. Олар: Аққайың, Мамлют, Есіл мен Қызылжар аудандары. Соңғысындағы Налобино ауылдық округіне 5 елді мекен кіреді екен. Осында 8 жыл әкім болған Лейла Күзенова елдің тыныс-тіршілігін жақсы біледі. Мәселенің біразын бұған дейін шешіпті. Қазір тұрғындарды ауыз сумен қамтуды қолға алған.

 

Лейла Күзенова, Налобино ауылдық округінің әкімі, Қызылжар ауданы:

-5 ауылдың 3-уінде таза ауыз су жоқ. Биыл “Ақ бұлақ” бағдарламасы бізге де жетті. Бірқатар жұмыстар қолға алынды.

 

Әкім бол, халқыңа жақын бол дейді қазақ. Ел басқарамын деп ниет білдірген соң бұқара алдындағы бар жауапкершілікті сезіне білу керек.

 

Данаш Хамзина