Мәдениет

Ожан Қали 85-те

 

Ожан Қали ең алдымен журналист. Бұл салаға өмірінің 40 жылын арнаған. Әрі қаламы қарымды жазушы. Талай туындыны жарыққа шығарыпты. Оның өлеңдер жинағынан басқа “Дәуір жаңғырығы” мен “Желтоқсан жаңғырығы” деген романдары бар. “Елорда” мен “Беу, қазағым, Қазақстаным” деп аталатын еңбектерін Тәуелсіздіктің 20 жылдығына арнаған. Ожан Қали 1927 жылы СҚО-дағы, Есіл ауданы, Сарман ауылында дүниеге келген. Жігіт жасына жетіп, Алматыдағы Абай атындағы педагогика институтына оқуға түскен. Оны бітірісімен мұғалім болып еңбек етеді. 1957-1987  жылдар аралығында Павлодарда, кейін өңірдегі “Солтүстік Қазақстан” газетінде бөлім меңгерушісі, “Егемен Қазақстан” басылымында тілші қызметін атқарады. Өмірлік тәжірибесі мол Ожан ақсақаладың өнегесі үлкенді сүйсіндіреді, кішіге үлгі болады. Мерейтой иесінің немере қарындасы Шолпан Садықова атамның ақылына құлақ асудан жалықпаймын дейді.

 

Шолпан Садықова, Ожан Қалидың немере қарындасы:

-Мен ол кісіге немере болғаныммен, өмірде бір туғандай қатынасып жүреміз. Бұл кісінің бірінші орында адамгершілігі зор. Тек жақсылықты ғана біліп, жақсы істер жасайтын, анау-мынау қылтың-сылтыңы жоқ сондай адам. Отбасында балаларына жақсы тәрбие беріп, оқытты. Зайыбы өмірден ерте өтіп кетті. Сонда да балаларын, немерелерін жеткізіп отырған адам.

 

Әдеби кеште еңбек ардагерлері, педагогтар, өлкетанушылар мен студенттер қауымы Ожан Қалидың өмірі, шығармашылығымен жан-жақты танысты. Ұлағатты ұстаз Әлімжан Мәжитов мерейтой иесін 30 жылдан бері біледі.

 

Әлімжан Мәжитов, қала тұрғыны:

-Мұндай адам қазір аз. Себебі, бұл адам жазушы, суретші, әрі ана тілі мен орыс тілін жетік меңгерген. Кез-келген кітаптарында, мынау Б.Момышұлы туралы жазылған кітабында Б.Момышұлының суреті, Қожаберген жырауға арнаған кітабында да дәл сондай сурет. Бұл кісінің білмейтіні жоқ.

 

Сол кездегі жемісті еңбегін бүгінде Павлодар облысының әкімі де ескеріп. Ожан Қали атамыздың 85 жасқа толуына орай құттықтау сөздер жазып жеделхат жіберіпті. Сондай-ақ, жиында тау тұлғаға “СҚО-ң құрметті азаматы” атағы берілді.

Шараға қатысушылар жиын соңында “Жерлес жазушы” атты кітап көрмесімен де танысты.

 

Берік Қасен