Ауыл шаруашылығы

Облыс әкімінің Мамлют ауданына жұмыс сапары

 

Мамлют ауданындағы «Родина» шаруа қожалығы осы жылы 1,5 мың гектарға ырыс дәнін сіңірген. Бітік шыққан астыққа шалғы тамыздың 26-да салынған. Бүгінге дейін жалпы алқаптың жартысынан астамы бастырылыпты. Қолда бар техника толық қуатта жұмыс істеуде.

 

Михаил Юрков, «Родина» ШҚ директоры:

-Көктемгі дала жұмыстары уақтылы, әрі барлық технологияларды сақтай отырып жүргізілгендіктен биылғы астық шығымдылығы жаман емес. Гектар берекелілігі 14 центнерден айналуда. Бүгінгі күнге дейін жалпы алқаптағы дәннің 60 пайызы бастырылды. Туындап жатқан мәселе жоқ. Ауа райы қолайлы болса, орақ науқанын келер аптада аяқтауды жоспарлап отырмыз.

 

Аймақ басшысы ауданға жасаған жұмыс сапары барысында Становое – Новомихайловка және Меңгесер елді мекендеріне қатынайтын облыстық маңыздағы күре жолдың жөнделуімен танысты. Жалпы ұзындығы 54 шақырым жолдың осы жылы 4,5 шақырымы игерілмек. Бұл мақсатқа 231 миллион теңге бағытталған. Қазіргі күні оның 70 пайызы жұмсалыпты. Ол 2 шақырымды қолданысқа енгізуге мүмкіндік беріп отыр. Жөндеу жұмыстарын «Петропавл Жолдары» мен «Ашық аспан» серіктестіктері жүргізуде. Аталмыш участокта болған өңір жетекшісі жолдың жиектері дұрыс жасалмағандығын сынға алды

Бұдан соң Самат Ескендіров Новомихайловка серіктестігінің астық қабылдау қосынына ат басын тіреді. Биыл олар қоймадан бөлек қосымша астық сақтайтын арнайы қаптар сатып алған. Оның әрқайсысының сиымдылығы 200 тонна. Ауданда мал шаруашылығын дамыту да оң жолға қойылған. Оған өз үлесін қосып отырғандардың бірі «Мамбетов и К» командиттік серіктестігі. Олар өткен жылы Америкадан бірнеше бас құнажындар жеткізген. Теріскей қысын жақсы өткерген зеңгібаба тұқымы төлдерін беріп, бүгінде ірі қара саны 467 басты құрап отыр. Шаруашылық биылғы қысқа қажетті жем-азықты толығымен әзірлеп алған. «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы арқылы фермаға су өткізілген. Серіктестіктің астық сақтау қоймасы да толық қуатта жұмыс істеп тұр. Ол күніне 1,5 мың тонна астық қабылдауға қауқарлы. Қойманың жалпы сыйымдылығы 5 мың тонна. Ал танап басында орақ науқаны қызу қарқынмен жүргізілуде

Теріскей диқандары бүгінгі күні жалпы алқаптағы ырыс дәнінің 30 пайызға жуығын орып алса, мамлюттіктер бұл жұмыстарды 40 пайызға орындаған. Осылайша олар қазіргі күні аудандар арасында көш бастап келеді. Танап басындағы гектар берекелілігі орта есеппен 13,5 центнерден айналуда.

Диқандар қауымымен әңгіме барысында аймақ басшысы орақ науқанын шамамен 15-20 күн ішінде аяқтау керектігін атап көрсетті. Шаруалар ауа райы кедергі келтірмесе, діттеген міндетті уақтылы аяқтаймыз деп отыр.

 

Самат Есмағи