Билік

Үкіметте елдің бірқатар өңірлерін сумен қамту мәселесі қаралды

 

Жаңа су каналының жүзеге асырылуын қоршаған ортаны қорғау министрлігі қадағаламақ. Оның қағаз жүзіндегі алғашқы сызбалары да дайын болған. Ол селекторлық кеңеске қатысушылар назарына ұсынылды. Тың жоба Сәтбаев су қоймасынан бастау алмақ. Оның жалпы ұзындығы 305 шақырым болады. Ол толығымен іске қосылған уақытта Астана мен Қарағанды, Павлодар, Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстарын қосымша тіршілік көзімен қамтамасыз етуге мүмкіндік бермек деді қоршаған ортаны қорғау министрлігінің өкілдері. Сонымен қатар жаңа желі жоғарыда аталған өңірлердегі суармалы егістік алқаптардың көлемін арттыруға мүмкіндік берсе, екіншіден балық шаруашылығын дамытуға да жол ашпақ. Жоспар бойынша ауылшаруашылығы дақылдарын өсіру мен балық шаруашылығынан ішкі айналымдағы қаржы көлемі жылына 92 миллиард теңгеге дейін өседі деп жоспарланған. Негізінен жаңа канал бірінші кезекте Елорданы үздіксіз сумен қамтамасыз етуге қажеттігі айтылды жиында. Мәселен Астана су қоймасының жалпы сыйымдылығы 110 миллион текше метр. Ал жылына оның 90 миллион текше метрі қалаға кетеді екен. Бас қаланың күн санап өсіп келе жатқандығын ескерсек, онда бірер жылда су тапшылығы анық сезіледі. Осыны алға тартқан Серік Ахметов жобаны жан-жақты саралау керектігін атап көрсетті. Оның өңірлерге де тиімді тұстары басым. Сондықтан өз кезектерінде сөз алған облыс басшылары жаңа жобаны қолдайтындықтарын жеткізді.

 

Самат Ескендіров,  СҚО әкімі:

-Жаңа су каналының құрылысын қолдаймыз. Себебі оның біздің өңірімізге де пайдасы зор. Соңғы жылдары облыстағы су қоймларының тіршілік көзімен толығуы белгілі деңгейге жетпей отыр. Оның үстіне облысымызды тіршілік көзімен қамтамасыз етіп отырған Есіл өзені де лайланып келеді. Одан сапалы ауыз су өндіруде қыруар шығынға ұшыраймыз. Жаңа жоба осы мәселелерді оңтайлы шешуге мол мүмкіндік бермек.

 

Елордамен болған байланыс аяқталысымен күн тәртібінде қаралған мәселе жергілікті жерде жалғасын тапты. Онда өңіріміздегі тіршілік көзі бассейндерінің бүгінгі жай-күйі сараланды.

 

Азамат Қажанов, Балық шаруашылығының «Есіл» облысаралық бассейндік инспекциясының бас инспекторы:

-Соңғы жылдары Сергеев су қоймасында су деңгейі нормадан төмендігі аңғарылуда. Оның сыйымдылығы 693 миллион текше метр. Қазіргі күні ондағы су мөлшері 620 миллион текше метр.

 

Жиынды қорытындылаған өңір басшысы жауапты тұлғаларға жаңа жобаға қатысты өз ұсыныстарын тағы бір мәрте пысықтауды міндеттеді. Оны қоршаған ортаны қорғау министрлігі кез-келген уақытта сұратып қалуы мүмкін.

 

Самат Шаймерденов