Аптадағы маңызды жаңалықтар

Селекторлық кеңесте моноқалаларды дамыту мәселесі талқыланды

 

 

Елімізде өткен жылдан бастап жаңа пилоттық жоба қолға алынды. Ол моноқалаларды дамыту бағдарламасы. Оған жалпы тұрғындар саны 1,5 миллионнан асатын 27 моноқала еніп отыр. Олар әлеуеті жоғары, орташа және төмен болып үшке бөлінеді. Аталмыш кенттерді дамытуға мемлекет тарапынан бөлінген қаржы 6 миллиард теңгеден асады. Оның игерілу барысы жайында селекторлық кеңеске қатысушыларды өңірлік даму министрінің бірінші орынбасары құлағдар етті. Жалпы алғанда моноқалалардың әлеуетін арттыру ондағы кәсіпорындарды дамыту, экономиканы әртараптандыру, бизнесті өркендетіп, шағын және орта кәсіпкерліктің тынысын кеңейту секілді 5 бағытта жүргізілуі керек. Ол үшін әр қалада кем дегенде бір инвестициялық жоба жүзеге асырылуы тиіс. Алайда бүгінгі таңда 27 қаланың тек 15-де ғана ауқымды жоспар қолға алынған. Моноқала тізіміне енген шахарлардың бәрінде бірдей өндіріс ошақтары бар. Алайда оның ешқайсысы толық қуатта жұмыс істеп тұрған жоқ. Оны индустрия және жаңа технологиялар вице министрі алға тартты. Әкімдер моноқалалардың әлеуметтік мәселесімен қатар экономикалық проблемаларды да басты назарда ұстаулары керек. Бұл жұмыстардың атқарылу барысы жайында бірқатар өңірлер мен моноқала басшылары есеп берді. Бағдарламадағы кемшін тұстарды саралаған Үкімет басшысы өңірлік даму министрлігіне облыс басшыларымен келісе отырып моноқалаларды дамыту бағдарламасына өзгертулер мен толықтырулар енгізуді тапсырды. Ол аталмыш бағыттағы жұмыстарды одан әрі жандандыру үшін қажет. Астанамен болған байланыс аяқталысымен күн тәртібінде қаралған мәселе жергілікті жерде жалғасын тапты. Алайда біз аталмыш бағдарламаға енбейміз.

 

Зиядден Молдағанапов,экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы жетекшісінің міндетін атқарушы:

-Моноқалалар тізімі екі бағыт бойынша қарастырылады. Біріншісі аталмыш қала тұрғындарының 20 пайызы тұрақты еңбекпен қамтылуы тиіс. Екіншісі сол қаладағы ірі кәсіпорын өнімінің 20 пайызын шахар халқы тұтынуы қажет. Бізде ондай кенттер жоқ.

 

Өңірімізде моноқалалар болмаса да Тайынша, Булаев, Мамлют, Сергеевка секілді 4 шағын қала бар.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

– Шағын қалаларды дамыту бойынша қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Нендей жоспар бар?

Зиядден Молдағанапов, экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы жетекшісінің міндетін атқарушы:

-Оларды “Еңбекпен қамту-2020” бағдарламасына енгіздік. Онда қазір облыс орталығынікі секілді инженерлік желілерді дамыту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

 

Өңіріміздегі орақ науқанының барысы қалай. Ол жайында жиынға қатысушыларды ауылшаруашылығы басқармасының жетекшісі құлағдар етті.

 

Серікбай Тұралинов, СҚО ауылшаруашылығы басқармасының жетекшісі:

-Бүгінде 1 млн. 425 мың гектар жердің егіні орылды. Астық шығымдылығы гектарынан  орта есеппен 13,5 центнерден айналуда. Егін орудан Мамлют, Айыртау, Есіл, М.Жұмабаев және Қызылжар аудандарының шаруашылықтары алда келеді. Ал көш соңындағылар Ақжар мен Шал ақын аудандары. Алдыңғысы бар алқаптың 11 пайызын орса, кейінгісінде -17. Ауа райы қолайлы болса, шамамен 15-20 күн ішінде күзгі дала жұмыстарын аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз.

 

Теріскей тұрғындарының алдында тұрған негізгі міндет, ол бітік шыққан ырыс дәнін ысырапсыз жинап алу. Жиынды қорытындылаған өңір басшысы бұл бағытта бар күшті жұмылдыра еңбек ету керектігін атап көрсетті.

 

Самат Есмағи