Қоғам

Прокуратура өкілдері мектептерде оқушылармен кездесулер өткізуде

 

 

Прокуратура қызметкерлерінің мәліметіне сүйенсек, “Телефон террористері” көбінесе сабаққа не емтиханға қатысқысы келмей, мекемеге жарылғыш зат қойылғандығы жөнінде жалған ақпарат таратады екен. Ұйымдастырушылар оның барлығы заңды білмеуден туындап отыр дейді.

 

Руслан Мәмбетов, СҚО прокуратурасының экстремизм мен терроризмге қарсы саладағы заңдылықты қадағалау бөлімінің бастығы:

– Жыл басынан 4 жалған ақпарат беру фактісі тіркелді. Бұзақылықтың 2-уін кәмелеттік жасқа толмаған оқушылар жасаған. Сол себепті біз барлық мектеп оқушыларымен құқықбұзушылықтың алдын алу іс-шараларын өткізудеміз.

 

Прокурорлар оқушыларға ойыннан от шығатынын ескертті. Қазіргі технология дамыған шақта жалған ақпарат берген адамды анықтау қиын шаруа емес. Телефонын лақтырып, нөмірін ауыстырудың пайдасы шамалы дейді қадағалушы орган өкілдері. Құзырлы органдар кіріс қоңырауларының қай жерден шығып жатқандығын қас-қағым сәтте анықтауға қауқарлы. Бұны оқушылар түсінген сияқты.

 

Никита Какора, Ғ.Мүсірепов атындағы № 43 ОМ оқушысы:

-Менің ойымша, осындай алдын алу шарасын барлық мектеп оқушыларына өткізген дұрыс. Өйткені, көбі заңды білмегендіктен осындай шалыс қадамдарға барып жатады. Артынан оның ата-анасы, барлық мектеп ұжымы соның зардабын тартады екен.

 

Прокурорлар кәмелеттік жасқа толмағандар арасында түсіндіру жұмыстарын жалғастырамыз деп отыр. Егер телефон террористері жалған әрекетін доғармаса, жаза күшейтілмек. ҚР ҚК негізінде жалған ақпарат берушілер 200-500 АЕК көлемінде айыппұл төлейді және жағдай ушықса 7 жылға дейін бас бостандығынан айрылады. Өткен 2012 жылы 3 “телефон террорисі” қолға түскен. Олардың барлығы бас бостандықтарынан айырылыпты.

 

Берік Қасен