Құқық қорғау органдары

Полицейлер биыл 7 мыңға жуық қаңғыбасты қабылдау-бөлу орындарына жеткізген

 

 

Қабылдап-бөлу мекемесінің қызметкерлері күнделікті рейд ұйымдастырып, қаңғыбастардың көп жиналатын орындарын тексеруде. Шара барысында тұрғылықты мекенжайлары жоқ тұлғалар көбіне сол баяғы жылу құбырлары, құдықтар мен жертөлелерде түнейтіні анықталып отыр. Көп жағдайда оларды қоқыс жәшіктері мен көпқабатты үйлердің маңайларында да кездестіруге болады. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, бұндай тұлғалар көбіне қылмыс жасап немесе басқалардан жәбір көреді екен.

Бөлімшеге жеткізілген қаңғыбастардың саусақ таңбалары түсіріліп, фото және бейне тіркеуге алынады. Кейін олардың қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріледі. Қаңғыбастардың дені өмірлерін оңалтуға тырыспайтын көрінеді.

Ағымдағы жылдың басынан қаңғыбастарды қабылдап-бөлу мекемесіне 6719 тұрғылықты мекенжайы жоқ тұлға жеткізілген. Қылмыстарға қатысы бар 231-і сот шешімімен қамауға алынды. Сондай-ақ іздеуде жүрген 10 тұлға мен 5 қылмыскер анықталды. Тағы із-түзсіз жоғалғандар тізімінде саналған 5 тұлға табылды. Сөйтіп, 61 қылмыстың беті ашылды. Тәртіп сақшылары тұрғындарға қаңғыбастарды кезіктірген жағдайда 52-92-99 сенім телефон нөміріне хабарласуларын сұрайды.

 

Бану Ахметова