ТКШ

Петропавлдағы үйлердің 80 пайызы жылыту маусымына әзір

 

«Эврика» тұтынушылар кооперативінің қарамағына 6 көпқабатты үй кіреді. Ол Абай көшесі бойындағы 43,45,47,53, Бостандық көшесіндегі 22 және Мир көшесі бойындағы 107-ші үйлер. Олардың барлығы күзгі- қысқы науқанға сақадай сай. Қыс арбаңды, жаз шанаңды сайла деген қағиданы ұстанған үй тұрғындары маңызды маусымға дайындықты ерте кезден бастаған. Жылу желілерінде жуып-шаю жұмыстары да жұрттан бұрын жүргізілген. Баспаналарда биыл барлық құбырлар жөнге келтіріліп, күрделі жөндеуден өткізіліпті. Бұл шараларға әр үй 800 мың теңге жұмсаған.

 

Ирина Яуфман, “Эврика” ТК төрайымы:

-Жаз бойы кішігірім жөндеу жұмыстарын жасадық. Қондырғыларды алмастырып, желілерді жөнге келтірдік. Барлық үйлерде жуып-шаю жұмыстары жүргізілді. Тек құжатты алу ғана қалды.

 

Жылу есептегіш құрылғылар тек көпқабатты үйлердің 4-інде ғана бар. Сол арқылы жақсы үнемдеуге болады дейді тұрғындар. Айталық, құрал орнатпағандар бір шаршы метр үшін 80 теңге төлесе, ал мына үйлерде орташа есеппен ол 40 теңгені құрап отыр.

 

Варвара Ткач:

-Қыста жылы. Ең бастысы осы емес пе. Кейде жертөледе мәселелер туындайды, бірақ ол тез арада шешілетін жағдай.

 

Ал Бостандық көшесі бойындағы 22-ші үйде жылу есептегіш құрылғысы жоқ. Жалпы бұл баспанада бас ауыртар жағдайлар көп дейді «Эврика»ТК төрайымы Ирина Яуфман.

 

Ирина Яуфман, “Эврика” ТК төрайымы:

– Бұл үйде бұрын есептегіш құрал болған. Кейін тұрғындар тиімсіз деп алғызып тастады. Алдағы уақытта осы бағытта жұмыс жасалады деп ойлаймын.

Қала бойынша үйлердің 80 пайызы жылыту маусымына әзір. 1036 көпқабатты баспаналардың тек 200-і маңызды маусымға дайын емес. Әлі күнге дейін жуып- шаю жұмыстарын жүргізбеген.

 

Анатолий Мишин, Петропавл қаласы әкімінің кеңесшісі:

– Біз күніне 20-25 үйде жуып-шаю жұмыстарын жүргізе аламыз. Қысқы маусымға үйлерді дайындауға барлық жағдайлар жасалған. Алайда кей үйлер дайындық жүргізуге әлі асығар емес. Біз оларға көмек көрсетуге әзірміз. Кездесуге жиі шақырамыз.

 

Денсаулық сақтау мекемелері, мектептер қысқа толығымен дайын. Әлеуметтік мекемелердің маңызды маусымға әзірлігі қала басшылығының назарында. Коммуналдық нысандардың да дайындығы жіті бақылауға алынған.

 

Анатолий Мишин, Петропавл қаласы әкімінің кеңесшісі:

– Қазір кесте бойынша коммуналдық қызмет нысандары тұр. «Қызылжар су», «Жылу желілері» және «СКРЭК». Жылу желілерінің құбырлары ескірген. Салдарынан кей жерлерде мәселелер туындап жатыр. Жаңарту жұмыстары да жүргізілуде.

 

Жалпы қысқы маусымға әзірлік барысын жауапты мамандар күн сайын саралап отырады.

 

Мағжан Ахмадина