Көлік және жолдар

Көше жөндегендер суағарларды бітеп тастаған

 

Татьяна Патрушева М. Жұмабаев көшесі бойындағы 201-ші үйде тұрады. Бұл жерге көшіп келгеніне де көп болмаған. Бұрындары жаңбыр жауып, қар ерісе де мұндай жағдай болмаған. Барлығы көшені кеңейтуден басталды дейді мазасы кеткен тұрғын. Бір жағынан көліктері бар тұрғындар үшін жақсылық жасаған коммуналдық қызметкерлер көшелерде суағарлар жасамаған. Салдарынан ауладағы судың кетер жері жоқ.

 

Татьяна Патрушева, М.Жұмабаев көшесі, 201-ші үй тұрғыны:

-Әрине көше жолдарын жөндегені жақсы. Бірақ істі аяғына дейін жасау керек қой. Барлық суағарларды бұзып кетті. Жаңбыр жауса болды, суды сорғыш арқылы сыртқа шығарамыз. Ал ертең күз басталады. Жаңбыр көп жауса қалай үлгереміз? Бұрындары су ақырындап суағарлармен өзі ағып кететін.Енді мұның барлығын қашан қалпына келтіреді?

 

Бұрындары көше бойында нашар болса да жаяу жүргіншілер жүретін жол болған. Қазір оған да тас төселіпті. Артық қыламын деп тыртық қылған коммуналддық қызметкерлердің кесірінен енді тұрғындар жол жиегімен жүруге мәжбүр.

 

Татьяна Шерстюк, М.Жұмабаев көшесі, 203-ші үй тұрғыны:

– Үйге кіре берісті де дұрыстап істемеді. Тым биік. Бордюрларды қойды, ал қазып тастаған үйінділер әлі сол қалпында жатыр.

 

Алдағы уақытта бұл көше бойындағы жолды әрі қарай кеңейту жоспарда бар. Жазда оны тек 9 метрге үлкейткен. Енді жол 14 метрлі магистральге айналмақ. Бұл бағыттағы жұмыстар 2014  жылы жүргізілетін болады.

 

Мирас Сабағанов, «Петропавл қаласының ТКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» автомобиль жолдары секторы басшысының міндетін атқарушы:

-М.Жұмабаев көшесі Пионерскийден Чкалов көшесіне дейін жөнделді. Жолдың бір бетіне суағарлар жасалды. Екінші жағында жер асты су құбырлары жүріп өтеді. Сондықтан ол жерлерді қазып, суағарлар жасау мүмкін емес. Тек көше кеңейтілгенен кейін ғана барлық тиісті жұмыстар жүргізіледі.

 

Алдағы уақытта көшенің келесі бөлігі – Чкаловтан Ғ.Мүсірепов көшесіне дейінгі аралық жаңғыртылады.

 

Мағжан Ахмадина