Ауыл шаруашылығы

Биылғы жылы Аграрлық несие корпорациясы облыстың 25 шаруа қожалығын қаржыландырды

 

 

Биылғы жылы Аграрлық несие корпорациясы 25 шаруа қожалығын қаржыландырды. Фермерлер “Сыбаға” бағдарламасының аясында 881 аналық бас пен 53 аталық ірі қараны сатып алды. Бағдарламаның өзіндік шарттары да бар. Шаруашылықтар аналық малды асыл тұқымнан таңдамауы керек. Ал аталық малдар міндетті түрде асыл тұқымды болуы шарт. Бұған 192 млн теңге жұмсалыпты. Шаруа қожалығының басшылары герофорд пен қазақтың ақ бас бұқаларын алуда.

 

Арман Саликов, “Аграрлық несие корпорациясы” АҚ СҚФ бойынша менеджер-консультанты:

-Несие жеңілдетілген түрде беріледі. Яғни, қаржыландырудың шарты 6 пайызды құрайды. Бүгінгі күні қарауда бірнеше өтініштер жатыр. Алдағы жоспарда қыркүйектің аяғына дейін 920 бас аналық және 50 бас ірі қараны несиелендірмекпіз.

 

Сондай-ақ, фермерлер сатып алуға жоспарлаған ірі қараның 25 пайызын иемденген болуы тиіс. Тағы мал шаруашылығын дамыту үшін шаруа қожалығының басшылары несиенің 15 пайызына қажетті техниканы сатып алу мүмкіндігіне ие. Егер де диқандар мал шаруашылығын қолға алғысы келсе, табыс көздерін растайтын құжатты әкеліп, өздері қажетті малдың 4-1 бөлігін алуға қауқарлы екендіктерін дәлелдеуі керек.

 

Арман Саликов, “Аграрлық несие корпорациясы” АҚ СҚФ бойынша менеджер-консультанты:

– Алдағы уақытта қарауда жатқан өтініштердің барлығы қолдау таппақ. Тек бағдарламаның қойған талаптарын орындау керек. Яғни сатып алынған ірі қараларға жем-шөп пен мал тұратын қоралар талапқа сәйкес болуы қажет.

 

Аграрлық несие корпорациясы шаруа қожалықтарын “Сыбаға” бағдарламасының аясында 2011 жылдан бері қаржыландырып келеді. Олардың займдарына несиелік серіктестіктер арқылы да қол жеткізуге болады.Тағы бір айтары онда фермерлер үшін 4 түліктің асыл тұқымдысын сатып алу міндетті емес. Осылайша жыл басынан корпорация жалпы сомасы 121 млн теңге болатын 250 бас ірі қара алуға 4 шаруашылыққа жәрдем көрсеткен.

 

Бану Ахметова