Спорт

“Қызылжар СК” Талғардың “Ақ бұлақ” командасымен кездесті

 

Ойын алғашқы минуттардан-ақ тартысты басталды. Қонақтар бірден қарымта шабуылға көшіп, ұрымтал сәтті пайдаланып қалуға тырысты. Дегенмен өткен ойындағы қателікті қайталамауға тырысқан жергілікті аяқдоп шеберлері өте сауатты ойнады. Нәтижесінде бірінші таймның 30-шы минутында алаң иелері жанкүйерлеріне алғашқы голын сыйлады. Қарсыластар қақпасының кілтін Давити Чагелишвили тапты.

Голдан кейін кеткен есені қайтаруға тырысқан талғарлықтар ереже бұзуға дейін барды. Бірақ есепті теңестіре алмады. Жергілікті аяқдоп шеберлеріне деген жанкүйерлер қолдауы да мықты болды.

– Ойын тартысты өтуде. Жігіттер жақсы ойнап жатыр.

-Бүгінгі ойын барысына көңілім толды.

-Қарқындары жаман емес.Бірінші тайм ойыншылар үшін жақсы аяқталды. 1 ұпай алда келеміз.

2- ші таймда қызылжарлық аяқдоп шеберлері есепті еселей түсуге тырысты. Ойыншыларды жиі алмастырған бапкердің бұл әрекетінен түк шықпады. Бірнеше рет ақбұлақтықтардың қақпасын шабуылдаған құрама қақпа саңылауын таба алмады. Ойынның негізгі уақытына қосылған 3 минуттың да қос команда үшін пайдасы болмады. Осылайша кездесу бірінші таймда соғылған бір голмен қызылжарлықтардың пайдасына шешілді.

Давити Чагелишвили, «Қызыл-Жар СК» ФК ойыншысы:

– Барлығымыз жұдырықтай жұмылып, ойында жеңуге тырыстық. Қарсыластар мықты болғанымен өзіміздің шеберлігімізді барынша көрсеттік. Жанкүйерлердің де қолдауы демеу болды. Келекшекте де жақсы ойын өрнегін көрсетіп, жеңісті қолдан бермеуге тырысамыз.

Жергілікті құрама келесі ойынды 11 қыркүйекте Қаскелең қаласының «Сұңқар» командасымен өткізеді.

Мағжан Ахмадина