Білім

Қазақ тілі білгірлерінің байқауы

 

Өзге ұлт өкілдері арасында ұйымдастырылған байқауға қалалық мектептердің жоғары сынып оқушылары қатысуда. Солардың бірі – Марина Кельбах. Ол сайысқа жақсы дайындықпен келдім,-дейді.

 

Марина Кельбах,байқауға қатысушы:

– Бұл байқау жайында мен жуырда естідім. Оған әдеттегідей дайындалдық. Грамматиканы және қазақ ақындарының өмірбаянын қайталадық. Бұған дейін де қалалық олимпиадалар мен сайыстарға қатыстым.

 

Жалпы өзге ұлт өкілдері арасында «Тіл – халық жанын танудың кілті» атты қалалық байқау жыл сайын ұйымдастырылады. Бұл жолы ол Қазақстан халқы тілдерінің XV облыстық фестивалі аясында өткізіліп отыр. Мақсат- мемлекеттік тілді меңгерген жастарға қолдау көрсету және тіл мәдениетінің деңгейін көтеру. Аталған байқауға 14 пен 22 жас аралығындағы 17 оқушы қатысты. Оларға қойылған талап та жеңіл емес.

 

Алтынай Сыздықова, Петропавл қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы:

– Байқау 3 кезеңнен тұрады. Бірінші кезең: сауалнама толтыру және лексика- грамматикалық тест орындау, екінші кезең жазбаша және ауызша тапсырмадан тұрады. Ал үшінші кезең қазақ әдебиеті классиктерінің өмірбаянын қысқаша баяндап беру және кез-келген жанрдағы мәтінді мәнерлеп оқу.

 

Байқауда жеңіске жеткендер ақшалай сыйақы, диплом және алғыс хаттармен марапатталады.

 

Айнұр Қапезова