Қоғам

Отбасы құндылықтарын нығайтуға арналған дөңгелек үстел

 

 

Әділет департаментінің мамандары ең алдымен жағымды жаңалықтарымен бөлісіп алды. Облыста 8 айдың ішінде 5 679 нәресте дүниеге келген. Бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 2 есеге басым. Бұған қоса бала өлімі азайған. Ажырасқандар арасында сәл-пәл төмендеу байқалады. Жыл басынан бері 3 226 отбасы құрылса, 1362 неке бұзылған. Десе де, жастарға осы ретте үлгі-өнеге көрсетуде қариялардың орны болек. Қази Дәулетбаев пен Майра Қамарова 1965  жылы кездескен. Қазір отау құрғандарына 50 жылдан асты. 6 бала тәрбиелеп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырды. Балаларының көбі әке жолын таңдап, құқыққорғау саласында қызмет етуде. Екеуі бүгін қалай кездескендерін еске алып, бір күлісіп алды. Жастарға айтарымыз – бір-бірін кешіре білу керек дейді. Ақсақалдардың 5 келіні бар. Біреуі қазақ, екеуі татар, орыс және украин халқының қыздары. Майра әже ешбірін алалап көрген емес. 5-уімен де тату, аналық ақылын айтудан жалыққан емес.

 

Майра Қамарова:

-Жастарға айтарым: үлкендерден үлгі алып, олармен ақылдасып отыру қажет. Сонда қай жағдайда болмасын сыйлы боласыңдар. Келіндерімнің ұлттары әр түрлі. Бір-бірімізді қатты сыйлаймыз, ақылдасып отырамыз.

 

Қази Дәулетбаев:

-Үкіметтің болашағы халыққа байланысты. Халықтың пейілі, көңілі жақсы болса , оның да келешегі зор болады. Бірлік, тірлік, ынтымақ, ішетін тамақ болса, киер киім де жетсе. Барлығы да осыдан басталады.

 

Қазір елімізде идеологиялық тәрбие беруге баса көңіл бөлінуде. Жаңа  мейрам Отбасы күнін бекіту – соның бір белгісі. Енді, жұбайлар осындай мерекенің барын біліп, бір-біріне сыйлық жасап құттықтау үшін қамданады. Ал, бұл өз кезегінде туған-туыстың татулығын нығайтады, сыйластыққа тәрбиелейді.

 

Абай Қайсин,”Нұр Отан” ХДП СҚОФ қоғамдық қабылдау меңгерушісі:

-Біз дөңгелек үстелге 50 және 40 жыл отасқан отбасылар мен 2 жыл бұрын ғана үйленген жастарды шақырдық. Қариялар береке-бірлікті сақтауда өз тәжірибелерімен бөліседі. Осы қасиетті жалғастыруда ұрпақтар сабақтастығы жайлы ой өрбітеміз.

 

Жиынға қатысушылар қариялардың әңгімесін ұйып тыңдады.

 

 

Данаш Хамзина