Денсаулық сақтау

Отбасы күні Петропавлда 20 сәби дүниеге келді

 

 

Елімізде жеке-дара алғаш рет тойланған “Отбасы күні” мерекесінде облыстық перинаталдық орталықта 20 сәби дүние есігін ашты. Бір қызығы оның 10-ы ер бала болса, 10-ы қыз. Нәрестелі болған аналарды айтулы датамен Петропавл қалалық әділет басқармасының мамандары арнайы құттықтай келді.

 

Асемгүл Баукенова,Петропавл қалалық әділет басқармасының бас маманы:

-Қымбатты анала, сіздерді бүгінгі мерекелеріңізбен құттықтаймыз. Отан отбасынан басталады деп бекер айтылмаған. Себебі әр жанұя өзіндік бір шағын мемлекет. Сіздер де өз мемлекеттеріңіздің тұрғындар санын тағы біреуге арттырып, осылайша еліміздің өсуіне өз үлестеріңізді қосып отырсыздар. Сәбилеріңіздің бауы берік болсын.

 

Тимирязев ауданының тұрғыны Инна Садова өзінің ұлын қыркүйектің сегізіне қараған түні дүниеге әкелген. Ол Отбасы күні босанған екінші ана. Нәрестенің дені-қарны сау, салмағы 3 келі.

 

Инна Садова:

– Ана болуы мен үшін үлкен бақыт. Бұл менің екінші сәбиім. Үлкенім – қыз, қазір жасы бестен асты. Ұлым да сол секілді ақылды болып өседі деп ойлаймын.

 

Мереке күні дүниеге келген тағы бір батырдың есімі – Егор. Салмағы 3 келі 20 грамм.

 

 

Вероника Ашанина:

– Бұл біздің отбасымыздағы 2-ші бала. Үлкен қызымыз 4-те. Барлық қазақстандықтарды “Отбасы күні” мерекесімен құттықтаймын. Шаңырақтарыңыз шаттыққа бөлене берсін.

 

Елімізде өз алдына жеке мереке ретінде алғаш рет аталып өткен “Отбасы күні” мейрамына петропавлдық нәзік жандар осылайша үлестерін қосты. Бақытты елдегі балалар саны арта берсін. Бұл – сәбилі болған аналардың тілегі.

 

Самат Есмағи