Қоғам

Курсанттар ант берді

 

 

Ант қабылдау рәсімі – әскери дәстүрлер арасындағы ең ерекшесі, адам есінде мәңгіге сақталып қалар қасиетті әрі қайталанбас сәт.

Оқтай түзу сапқа тізілген мына азаматтар үшін бүгін айтулы күн. Өйткені бұл күні 181 курсант өзіне жүктелген міндеттерді бұлжытпай орындап, отанға, туған елге адал болуға серт берді.

Ант қабылдау рәсімінен кейін әскери өмірге қадам басқан курсанттарды облыс әкімінің 1-ші орынбасары Айдарбек Сапаров құттықтады.

 

Айдарбек Сапаров, СҚО әкімінің бірінші орынбасары:

-Құрметті офицерлер мен курсанттар, сіздерді айтулы ант қабылдау салтанатты рәсімімен облыс әкімі Самат Сапарбекұлы Ескендіровтың атынан шын жүректен құттықтаймын. Қазақстан Республикасына қызмет ету жолында артылған үмітті ақтап, әскери борышты адал атқарады деген сенімдемін.

 

Қоғамдық өмірге үнемі араласып жүретін аға буын өкілдері де жастардың қуанышына ортақтасып, болашақ офицерлерге сәт-сапар тіледі.

Абай Қаппаров бала күнінен әскери қызметкер болуды армандапты. Міне сол арманына да жеткендей. Бастысы сабақты жақсы оқып, антқа берік болу.

 

Абай Қаппаров, ҚР ІІМ ІӘ ӘИ курсанты:

-Мен ОҚО Созақ ауданы Шолаққорған ауылының тұрғынымын. Биыл міне Петропавл қаласындағы ІІМ ІӘ ӘИ оқуға түстім. Өте қуаныштымын. Осында 4 жыл оқып, жақсы білім алып, жақсы офицер болуға тырысамын.

 

Ұрхан Аймұханбетқызы немересінің үлкен өмірге аяқ басқанына куә боламын деп сонау Оңтүстік Қазақстан облысынан келіпті. Жасы 90-ға тақап қалған кейуана бұдан асқан бақыт жоқ дейді. Абай немерелерінің ішіндегі сүйіктісі екен.

 

Ұрхан Аймұханбетқызы, ОҚО, Созақ ауданы:

-Мына балам Қаппаров Абайдың оқуға түсуіне, ант қабылдау рәсіміне келіп тұрмын, жасым 87-де. 10 баланың анасымын. Немеремнің Әскери институтқа түскеніне өте қуаныштымын. Жақсы оқып, қажымай, талмай Отанына қызмет етсін. Балам адам болсын, жігерлі, батыл да болсын. Жақсы болып өссін. Осында оқытатын мұғалімдерінің барлығына жалынды сәлемімді айтамын. Баламды жақсылап тәрбиелеп, аяулы егемен Қазақстанның бір азаматы қылып шығаруына тілектестігімді білдіремін.

 

Жиылғандар әдеттегідей әскерилердің өнерлерін тамашалады.

Жалпы Әскери институт құрылғалы оның қабырғасынан 2 мыңнан астам офицер ұшты. Ал биыл 181 азамат әскери қызметке қадам басып отыр. Олардың ішінде Тәжікстанның – 10 және Қырғызстан елінің бес азаматы бар.

 

Берік Қасен