Спорт

Әуесқой футболшылар арасындағы қала чемпионаты

 

Әуесқой футболшылар да өз ара мықтыларды анықтау тұрғысында үнемі жолдастық кездесулер өткізіп тұрады. Сондай бақ сынаулардың бірі шеңбер бойынша ойналатын тартыс. Онда жеңілген команда тізімнен шығарылып отырады. Бұл жолғы кестеге есімдері енгізілген топ саны – 15. Алайда жеңімпаз атануға іліккендер екі құрама. Олар “Динамо” мен “Авангард” ойыншылары. Турнир кестесінде екеулерінің де ұпай саны тең. Алайда ең мықтыны қайткенмен де анықтау қажет.

Жанат Мұхаметғалеев, Петропавл қаласы дене шынықтыру және спорт бөлімінің жетекшісі:

– Қала чемпионаты 2 жарым ай өтті. Бүгінгі ақтық ойында жеңімпаздар мен құрама мүшелеріне медальдар мен диплом және сыйлықтар тарту етіледі.

Ойынның алғашқы минутынан бастап, динамолық футболшылар қарсыластарына қарағанда ширақ қозғалып, бірнеше рет қақпаның маңайын торуылдап, ұрымтал сәттерді көпбірек пайдаланды. Бірақ, “Авангард” қақпашысы үнемі қырағылық танытты.

Динамолықтар алған беттерінен қайтпай, шабуылды қарша боратты. Осылайша оңтайлы сәтті пайдаланған Роман Селиверстов қарсыластар қақпасынан саңылау тауып, «Динамоға» ұпай сыйлады. Оның соққан бұрыштама добы «Авангардттың» қақпасында тулап жатты.

2-ші таймда да «Динамо» белсенділері жақсы ойын өрнегін көрсетіп, қоржынға тағы 2 ұпай салды. «Авангард» аяқдопшылары таразы басын теңестіруге ұмтылғандарымен одан көңіл-көншітерлік нәтиже шығара алмады. Матч соңындағы табло көрсеткіші 3-1. Осылайша “Динамо” командасы турнир жеңімпазы атанды.

Берік Қасен