Аптадағы маңызды жаңалықтар

“Премьер” атты жаңа кітаптың тұсаукесері

 

Бәйкен Әшімов 1917 жылы 10 тамызда қазіргі Айыртау ауданында дүниеге келген. Ер жетіп етек жеңін жинасымен ол Петропавлда ауыл шаруашылығы техникумын, Ленинград қолданбалы зоология институтын бітірген. Қарағанды және Талдықорған облыстарына басшылық еткен. 1970-1984 жылдары ҚазКСР Министрлер Кеңесінің төрағасы, 1984-1985 жылдары Республика Жоғарғы Кеңесі Президиумының төрағасы болып қызмет атқарды. Социалистік Еңбек Ері, Ленин орденінің төрт мәрте иегері, Ұлы Отан соғысы, Еңбек Қызыл Ту ордендерімен марапатталған. “Премьер” атты кітап тұлғаның жолынан сыр шертеді дейді туынды авторы Николай Колинко. Ол Бәйкен ағамен 12 жыл бірге қызмет атқарған.

 

Николай Колинко, “Премьер” кітабының авторы:

-Кітаптың атын қою үшін көп ойландым. Қазіргі тілмен айтқанда Премьер деген сөз бірінші адам дегенді білдіреді. Бұл жан сондай тұлға. Өте еңбекқор еді. Үзеңгілес болған кезден бастап, одан өзіме көп үлгі-өнеге алдым. Соларымды тұлғаның рухына тағзым етіп, бір кітапқа сыйғызуға тырыстым.

 

Еліміз егемендік алған соң да Бәйкен ағаның еңбектері ескерусіз қалған емес. Елбасының өз қолынан «Отан», «Парасат» ордендерін тағынды. Ақынның аты, ғалымның хаты өлмейді деген нақыл осындай тұлғаларға айтылған деді тұсаукесерді ашқан облыс әкімі Самат Ескендіров.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

-Бәйкен Әшімовтың өмірі кімге болмасын өнеге. Ол жанның еліміздің дамуына қосқан үлесі зор. Бірталай лауазымды қызметтерді атқарған. Бұл екінің біріне бұйыра бермейтін бақ. Бәйкен Әшімов жайлы жазылған тың туындыда оның адамгершілік қыры, білімді маман, білікті басшы болғандығы кеңінен жазылған. Сиясы кеппеген кітаптан оқырмандар мол мағлұмат алады деп ойлаймын.

 

Сенат депутаты Анатолий Башмаков, біз Бәйкен Әшімовты мақтамауымыз керек, керісінше онымен мақтануымыз керек деді. Себебі ол жан соңғы демі қалғанша Отанының өркендеуі жолында еңбек еткен.

 

Анатолий Башмаков, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

-Кітаптың ауқымы кең. Тілі жеңіл, әрі тарихи деректер көптеп келтірілген. Одан еліміздің өсіп-өркендеуі жайлы тың деректер алуға болады. Бастысы тұлғаның өмірі кеңінен көрініс тапқан туындыда.

 

Салтанатты шарада Бәйкен ағамен үзеңгілес болғандар оның адамгершілік қасиеттері жайындағы өз ойларын ортаға салып, естеліктерімен бөлісті. Ол нағыз қарадан шыққан хан екендігі айтылды.

 

Оңдасын Әшімов, Б.Әшімовтың ұлы:

-Құрметті Самат Сапарбекұлы, құрметті конференцияға қатысушылар, бүгінгі күн біздің отбасымыз үшін ерекше күн,қуанышты күн, есте қалатын күн. Себебі біздің әкеміз туралы кітаптың тұсаукесері.

 

Әкең өлсе де, әкеңнің көзін көргендер өлмесін дейді дана халқымыз. Оның бекерге айтылмағандағына салтанатты шарада тағы бір мәрте көз жеткізілді.

 

Самат Есмағи