Қоғам

“Отбасы өмірінің бір күні” көрмесі

 

“Отбасы өмірінің бір күні”. Осындай атаумен № 32 орта мектепте өткен фото-көрмеге білім ошағының барлық бастауыш сынып оқушылары қатысты. Олар әзірге өз ойларын толыққанды сөзбен жеткізе алмайды, сондықтан бүлдіршіндер жанұялық фоталар, қарындаш, фломастер, түрлі-түсті бояулармен салынған суреттердің көмегіне жүгініпті. Әсіресе, Дарья Солдатованың “Менің арғы тегім” атты жобасы бірден көзге түседі. Ол туған әкесінің түп-тамырын ғана емес, сонымен қатар анасының туысқандарының есімдерін де өз қолымен салған шежіре бәйтерегіне жазыпты. Ал алып теректің екі жағына 1900-ші жылдан бері әжесі сақтап келген ата-бабаларының фотосуреттерін жапсырған.

 

Дарья Солдатова, С.Мұқанов атындағы №32 ОМ оқушысы:

-Мен осы іс-шараның арқасында өз әулетімнің шежіресі мен тарихын біліп алдым.

 

Ал, мектептің екінші қабатында орта буын мен жоғары сынып оқушылары ата-аналарымен бір аудиторияға жиналған. Олар да көппен бірге отбасылық мерекені тойлауда. Сынып сағатынан ешкім де бей-жай қалмады. Аналары балаларымен бірге ән шырқады, тату отбасылары жайлы презентация көрсетті.

 

Голубева Маргарита:

-Мұндай отбасы құндылықтарын дәріптейтін сынып сағаттарының оқушылар үшін пайдасы зор. Әр сәби бақытты отбасында өмір сүруі керек. Отбасында береке-бірлік қалыптасу үшін әке-шеше бала санасына арғы тегін, әулеттің басты құндылықтарын үйреткені абзал. Сонда ғана, әрбір жас өзінің жанұясын, тарихын, елін сүйетін болады.

 

Әрбір ата-ана өз баласының сапалы тәрбие мен білім алып, өз болашағының іргетасын мықтап қалағанын қалайды. Бұл үшін олар мектеп ұжымымен иық тірестіріп, жеке тұлғаны дамыту мақсатында бірге жұмыс атқару керек.

 

Ирина Комиссарова, №32 мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары:

– Бұл міндеттерді ата-аналармен бірлесіп шешу үшін біз мектепте түрлі формадағы іс-шаралар өткіземіз. Онда балалар мен ата-аналардың шығармашылық көрмесі, ауызша журнал, жанұялық тақырыптарға сай дөңгелек үстелдер мен ата-аналар жиналысын жиі өткіземіз.

 

Отбасылық құндылықтарды дәріптейтін осы секілді мерекелік іс-шаралар алдағы күндері де жалғасын таппақ.

 

Берік Қасен