Қоғам

Отбасы күні мерекесінің бағдарламасы

 

Отбасы күніне арналған шаралар Петропавлда қыркүйектің 4-нен жалғасуда. Болашақ аналар форумда бас қосып, балаларға қайырымдылық шарасы ұйымдастырылды. Енді, жексенбілік мерекелік бағдарлама бар. Бұл күні де тұрғындар қалалық мәдениет үйінде “Қос жүректің лүпілі” атты концерттің куәсі болады.

 

Жанар Жанғазина, Петропавл қаласы әкімінің баспасөз хатшысы:

-Орталық алаңда, Мәдениет және демалыс саябағында, сауда орындары мен базарларда жастар “Отбасылық құндылықтар – мәңгілік” деген атаумен акция ұйымдастырады. Онда жанұядағы қарым-қатынас жайлы жазылған ақпарат таратылмақ. Ал, кітапханаларда отбасымен оқуға арналған кітаптар көрмесі жайылады.

 

Мерекеде облыстық перинаталдық орталықтағы жас аналар да ұмыт қалмайды.

Ғалия Көшербаева жайма-шуақ күнде немересімен серуендеуге шыққан екен. Жақын келіп, әңгімеге тарттық. Асыл ана, ардақты әже Отбасы күнін туыстарыммен бірге қарсы аламын деді.

 

Ғалия Көшербаева, қала тұрғыны:

-Әрине, мұндай мереке керек. Себебі, жақсы отбасыларын көрсетіп, жастар олардан үлгі алса және үлгілі жанұялармен таныстырса нұр үстіне нұр. Отбасы күнін жанұяммен бірге қарсы аламын.

 

Отан отбасыдан басталады. Қазақ халқы “Тәрбие тал бесіктен” деп баланың азамат болып қалыптасуына әуелден ерекше мән берген. Отбасылық құндылықтарды жалғастыруда ұрпақтар сабақтастығын үзіп алмауға атаулы мейрам септесуі тиіс.

 

Данаш Хамзина