Қоғам

Балаларға базарлық

 

 

Кішкентай Роман ата-ана қамқорлығынсыз өсіп келеді. Жасы 3-тен асты. Сәби өз ортасына жақсы бейімделіпті. Балалар арасында белсенді, ашық, қонақтардан жатырқамай бірден ортаға шығып, “Отбасы күніне” арнап дайындаған өлеңін оқып берді.

Қонақтар әкелген сыйлықтарды көргенде сәбилердің қуанышында шек болмады. Олар өздеріне ұнағандарын алып, ойынға кірісіп кетті.

 

Роман, “Сәбилер үйі” КММ тәрбиеленушісі:

– Мынау ат керемет. Маған тағы велосипед ұнады. Маған жан-жағымда тұрған сыйлықтардың бәрі ұнап жатыр.

Максим, “Сәбилер үйі” КММ тәрбиеленушісі:

-Ағайлар мен тәтейлер менің сүйікті қонжығымды әкеп берді. Машинаны жақсы көремін.

 

СҚО бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің аға инспекторы Нұрсұлу Көбенова ЕС 164/3 түзету мекемесімен бірігіп балаларға қамқорлық жасап тұрамыз дейді. Биыл бірінші рет аталып өтілгелі тұрған «Отбасы күні» мерекесі қарсаңында олар балақайларды қуантты.

 

Нұрсұлу Көбенова, СҚО бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті қылмыстық-атқару инспекциясының аға инспекторы:

– Балалар біздің болашағымыз, сондықтан да балаларға әрқашанда өз көмегімізді беріп, демеп жүруіміз керек. Бүгін балалардың жүздерінен күлімдеген күлкіні, қуанышты көріп, жүрегім елжіреп, толқып, сондай жақсы сезімде тұрмыз. Балаларға осы мерекеде біріншіден денсаулық тілеймін. Бұл өмірде тек қана бақытты күндерге жете берсін.

 

Аға тәрбиеші Наталья Лесик мұнда келген балалардың тағдырлары сан түрлі дейді. Ата-ана қамқорынсыз қалған жеткіншектердің қоғамға бейімделіп, жақсы азамат болуына тәрбиешілердің де қосатын үлесі молынан.

 

Наталья Лесик, “Сәбилер үйі” МКМ аға тәрбиешісі:

-Қонақтар бізде сирек болса да, балаларымыз олардың келгеніне әрдайым қуанады. Араларында түрлі сырқатқа шалдыққан мүгедек балалар да бар. Біз оларды кішкентайынан бастап бір-біріне мейіріммен қарауға, басқа адамдарға қуаныш сыйлауға үйретеміз.

 

Бүгінде сәбилер үйінде 62 балдырған қамқорлыққа алынған. Олардың дені іңгәлап дүние есігін ашқан қызыл шақа сәбиден бастап 4 жасқа дейінгі бал бөбектер. 15-і мүгедек, Жыл басынан 22 баланы әлеуметтік жақсы қамтылған жанұялар асырап алған, кейбіреуі қамқорлыққа алыныпты.

 

Берік Қасен