Қоғам

Полицейлер Отбасы күніне орай байқау өткізді

 

 

Марат Мусин бүгін өзінің жанұясын «Анам, әкем, мен –  бәріміз бірге тату отбасымыз» деген жарысқа бастап келіп отыр. Күнделікті жасалатын қылмыстардың басы-қасында криминалистер жүреді. Сараптама жүргізіп, барлығын тексеру де солардың мойындарында. Жұмыс ауыр, күні-түні қызметте жүргенде отбасы мүшелері де сағынып үйде күтеді. Әсіресе балалар үнемі қоңырау шалып, тезірек келуімді сұрайды. Олардың барлығы да маған үлкен демеу дейді отағасы. Сондықтан бүгінгі жарысқа қатысуға Мусиндер әулеті қуана келісіп, тыңғылықты дайындалыпты.

 

Марат Мусин, Петропавл қалалық ІІБ аға криминалисі:

-Бүгінгі жарысқа жақсы көңіл-күймен келдік. Әйелім мен балам сайысқа қатысуға бірден ниет білдірді. Мен қызыма қарсыластар мықты болады деп бірден айттым. Сондықтан жеңсек те, жеңілсек те қатысқанымызға өкінбейміз. Жарыстың аты жарыс.

 

Тәртіп сақшылары арасында өткізілетін осы сынды шаралар дәстүрге айналған. Бүгін бұл сайыстарға 3 отбасы қатысуда. Олар бүгін тек спорттық қабілеттерін ғана көрсетпей, шеберлік сайыстарда да бақтарын сынады.

 

Айгүл Сейітова, Петропавл қалалық ІІБ инспекторы:

– Сайыста жеңген командаға кубок беріледі. Ал қатысқан балғындар кеңсе тауарларын алады. Отбасы мүшелері шағын сыйлықтармен марапатталады.

 

Сайыс қорытындысы бойынша Байшаковтар отбасы үздік атанды, екінші орынды барлық кезеңдер нәтижесінде тең түскен қалған екі жанұя бөлісті.

 

Мағжан Ахмадина