Құқық қорғау органдары

Пластикалық терезелерді бұзып, ұрлық жасағандар қолға түсті

 

 

Биылғы жылдың көктемінде қалалық ішкі істер басқармасына кеңселер мен сауда нүктелерінен ірі көлемде ақша ұрланғаны жайында шағымдардың түсуі жиіліп кетті. Баукеспелер ұрлықты пластикалық терезелерді сындырып немесе болттарын шешу арқылы жасаған. Ішке енген қылмыскерлер ақшаларды жымқырып, құлпы бұзылмаған сейфтерді сол күйі алып кетіп отырған. Ұрлық түнгі уақыттарда жасалған. Әр нысанға кем дегенде 1 минут жұмсайтын көрінеді. Сол аралықта ақшаны таба алмаса да, лезде іздерін суытып отырған. Бұл қылмыскерлерді құрықтау үшін арнайы шаралар ұйымдастырылды. Сөйтіп, тәртіп сақшылары күзет агенттігінің қызметкерлерімен кездесіп, бірыңғай радио байланыс каналын ұйымдастырды. Осының арқасында полицейлер сезіктілерді қолға түсірді.

 

Александр Михайлов, СҚО ІІД жедел жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары:

-Нысаннан дыбыстық белгі келісімен “Барс” арнайы агенттігінің қызметкерлері және тәртіп сақшылары сол орынға лезде жетті. Сөйтіп, ұрлық жасап жатқан азаматтарды қолға түсірді.

 

Қолға түскен екі азаматтың бұрын сотталмағаны белгілі болды. Сезіктілер 41 ұрлық оқиғасына қатысы барларын мойындаған.

Қазіргі кезде бақылауға алынған нысандардағы дабыл белгілері бірден жедел басқару орталығына келіп түседі. Мұндай жағдайда оқиға орнына полицейлер жылдам жетеді.

Бану Ахметова