ТЖ

«Үздік құтқарушы» байқауы

 

 

Сүңгуіршілер күнделікті осындай жаттығулар жасап, өз білімдерін шыңдайды. Өзгенің өмірін өз өмірінен биік ұстайтын қызметті Қанат Елубаев та таңдаған. 1 жылдан бері құтқарушы болып қызмет атқарады. Осы уақыттан бері 30-дан астам адамның өмірін арашалап қалған. Суда құтқару қызметкерлері арасында ұйымдастырылған сайыстың қорытындысында ол үздік нәтиже көрсеткен.

 

Қанат Елубаев, СҚО ТЖД суда құтқару қызметінің сүңгуіршісі:

-Біздің қызметте ең бастысы адам өмірін өлімнен арашалап қалу. Мен соңғы рет Есіл өзенінде суға кетушіні құтқардым. 22 жасар жігіт мас күйінде Есілдің арғы бетіне өтпек болған. Абырой болғанда құтқарып алдық. Жалпы әріптестерімнің барлығы мықты. Тек сол сайыста мен бір сатыға олардан биік тұрған болармын.

 

Құтқарушылар суға кетушіні шығарған бетте бірден медициналық көмек көрсетіледі. Олар ең алдымен адамның тыныс жолдарын тазартады.

 

Муршида Обознова, СҚО ТЖД суда құтқару қызметінің мейірбикесі:

– Біз үшін ең алдымен дәрі-дәрмек қобдишасы болуы керек. Біз құтқарылған адамға бірден жедел түрде медициналық көмек көрсетуіміз керек.

 

Жарыс тамыздың 26- 27-сі аралығында өткен. Оған 17 құтқарушы қатысыпты. Байқауда сүңгуіршілердің физикалық дайындығымен қатар жыл бойынғы жетістіктері де есептелінген.

 

Виктор Держанский, СҚО ТЖД суда құтқару қызметінің бастығы:

-Жалпы байқау 2 рет өткізілді. Байқаудың мақсаты құтқарушылардың дайындығын шыңдау және араларынан мықтыны анықтау. Қазіргі күні станциямыздың техникалық мүмкіндіктері жақсы. Сондықтан құтқарушылардың физикалық дайындығын нығайтудың маңызы зор.

 

Жыл басынан су 32 адамның өмірін жалмапты. Құтқарушылар 111 адамның өміріне ара түскен.

 

Мағжан Ахмадина