Құқық қорғау органдары

«Баланың өмірін сақта» шарасы

 

 

Қыркүйектің 2-5 аралығында солтүстікқазақстандық жол полициясы мамандары «Абайлаңыз – балалар!» республикалық акциясының екінші кезеңінде «Баланың өмірін сақта» шарасын өткізуде. Оған мектеп оқушыларынан құралған жас жол инспекторлары атсалысуда.

 

Мария Андреева, жас жол инспекторы:

-Көлік жүргізушілерінен қалада жылдамдыққа абай болуларын сұраймыз.Әсіресе мектептер мен балабақша жандарынан өткенде ақырын жүріңіздер дегіміз келеді. Осылайша халықты жол ережесін сақтауға шақырамыз.

 

Шара барысында жас жол инспекторлары көлік жүргізушілеріне, жол ережесін сақтау туралы үнпарақтар мен  балалардың өмірін көлік апатынан сақтау жайында жазған шығармаларын таратты. Жүргізуші де, жаяу жүргінші де жолда абай болғаны жөн. Ол өз өміріңе де, өзгенің өміріне де қауіпті.

 

-Мұндай акциялардың пайдасы бар деп есептеймін. Ол жүргізушілерді жол ережесін сақтауға үгіттейді.

-Жолға аса мұқият болуы қажет. Әсіресе жаяу жүргіншілер мен балалардың жолдан өтулеріне кедергі келтірмеу керек.

 

Ағымдағы жылдың сегіз айында облыс көлемінде балалардың қатысуымен 41 жол-көлік оқиғасы орын алып, онда 3 жас өмір қиылса, 45-і түрлі дене жарақаттарын алған. «Абайлаңыз – балалар!» республикалық акциясының мақсаты осындай орны толмас келеңсіз жайттарға тосқауыл қою.

 

Сайлаубек Мусин, СҚО ІІД ЖПБ бастығының орынбасары:

-Үш күнде жол ережесін өрескел бүзудың 726 фактісі тіркеліп, 32 жүргізушінің көлікке мас күйінде отырғандығы анықталды. Жылдамдықты асыруға қатысты 200-ден астам заңбұзушылық орын алып, оған қатысты 93 әкімшілік хаттама толтырылды. Жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерден жол ережесін қатаң сақтауларын сұраймыз.

 

Тас жол қателікті кешірмейді. Сақтансаң – сақтармын деген қағида қашанда қаперіңізде жүрсін.

 

Самат Есмағи