Спорт

Кикбоксшылар алты алқамен оралды

 

Кикбокстан 1-ші турнир Семей қаласында өтті. Оған еліміздің мықты деген спортшылары жиналды. 12 салмақ дәрежесі бойынша. Біздің өңірден жарысқа ҚР чемпионаттарында жеңіске жеткен 6 кикбоксшы барды. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері Рауан Смағұлов 63,5 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсетті. Сөйтіп, үш қарсыласын да ұпай санымен жеңіп, алтыннан алқа тағынды. Енді, ол қыркүйек айының соңында Бразилияда өтетін әлем чемпионатына аттанады. Қазір дайындығын пысықтауда.

Фул контактта 81 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Азамат Нүрпейісов та бірінші орынға ие болды. Ол қарсыластарын айқын басымдықпен жеңген.

Ал, кикбокстан спорт шебері Айбек Тулебаев бұл турнирде 2-ші орыннан көрінген. Ол 63,5 келі салмақ дәрежесінде К-1 контактында белдесті. Ақтық сында ол жерлесіміз Рауан Смағұловпен кездесіп, есесін жіберіп алды. Негізі Айбек – Қазақстанның үш дүркін чемпионы.

Бұл турнирде үздік үштікті Абзал Байзақов пен Жабай Ахметов тұйықтады. Абзал 75 кг салмақ дәрежесінде екі жекпе-жек өткізген. Есесін шымкенттік спортшыға жіберіп алыпты. Десек те жерлесіміз алдағы уақытта дайындығымды пысықтап, бас жүлдені алуға тырысамын дейді. Өңірден аттанған 6 спортшылардың барлығы қанжығаларын 2 алты, 2 күміс, 2 қола медальмен майлап қайтты. Жалпы турнирге еліміздің барлық қалаларынан 80 спортшы жиналған.

 

Әділ Нұржауыпов, аға жаттықтырушы:

– Жарыс еліміздің мықты деген жаттықтырушыларын еске алуға арналып, ұйымдастырылды. Және турнирге Қазақстаннан ең үздік спортшылар шақыртылды. Яғни елімізде 1,2,3 орындарды алып жүргендер. Жалпы тартысты дода жақсы өтті. Жергілікті спортшылар өз шеберліктерін дәлелдеді.

 

Әзірге қыркүйек айында өтетін әлем чемпионатына облысымыздан екі спортшы аттанады деп жоспарлануда. Сонымен қатар алдағы уақытта бұндай турнир біздің облыста да өткізілмек.

 

Бану Ахметова