Аптадағы маңызды жаңалықтар

Антимонополиялық ведомство басшысының қатысуымен тариф саясатының басым бағыттары талқыланды

 

Жиынды СҚО әкімі Самат Ескендіров ашты. ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің төрағасы Мұрат Оспанов отырыстың алдында Петропавлдағы үш ірі монополия нысандарын аралап шыққан болатын. Мұрат Оспанов инвестициялық бағдарламалар аясында жаңғырту барысымен танысып, жұмыстың қарқынды жүріп жатқанын атап өтті.

Тарифтік саясатты жетілдіру және салалық заңнамадағы өзгерістер туралы агенттік төрағасының орынбасары Асылбек Дүйсебаев баяндады. Оның айтуынша, қызмет сапасын арттыру және бақылауды күшейтуге де қатысты 200-дей түзету енгізілген. Енді, тариф жайында қоғамдық тыңдалым өтетін болса, ол туралы 10 күн бұрын БАҚ-та хабарлануы тиіс. Халық бағаның өзгеру себебі мен монополия өкілдерінің атқарған жұмысын білуі қажет делінді. Сондай-ақ, отырысқа қызмет көрсететін кәсіпорын тарапынан 7 адам ғана қатыса алады. Осы және тұтынушылар үшін өзге де маңызды тұстары ескерілмеген жағдайда, тіпті, монополисті айыппұл салу арқылы жауапқа тарту мәселесі де қарастырылуда.

 

Асылбек Дүйсебаев, ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігі төрағасының орынбасары:

-Мөлдірлікті қамтамасыз ету мақсатында жарық және газбен қамтуға да байланысты қоғамдық тыңдалым өткізу қажеттілігі ұсынылуда. Тарифтің құрамынан аудиторлық және маркетингтік қызметтер, банкілік комиссия, қаржылық және техникалық шығындар үлесін алып тастау туралы ой айтылды. Монополистер сұраныммен бірге беретін құжаттардың тізімі 50 пайызға қысқартылды. Бұл өз кезегінде тұрғындардың ақшасын үнемдеуге септігін тигізеді.

 

Қызмет көрсетудің сапасы да өзекті мәселе. Өйткені, желілердің көбі тозған. Ал, бұны тек бір тарифқа ғана сүйеніп шешу мүмкін емес. Осы орайда, Асылбек Дүйсебаев мәселені инвестициялық бағдарламаларды жүзеге асыру үшін екінші деңгейлі банктер мен даму институттарынан қарыз алу арқылы шешуге болатынын жеткізді. Бұл механизм заңда қарастырылғанымен, көп жағдайда қолданылмайтын болса керек.

Ағымдағы жылы Солтүстік Қазақстан облысының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласын жаңғыртуға 16 млрд. теңге қаржы бағытталған екен.

Өңірде бұл бағытта да біраз жұмыстыр тындырылуда. Мәселе де жоқ емес.

 

Антон Федяев, СҚО Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы:

-Облыста сумен қамтамасыз етуші кәсіпорындардың жұмыс көлемі жылына 150 мың текше метрден асып кетеді. Сол себепті, олар аудит, техникалық және қаржылық сараптамаларды өткізу барысында шығынға ұшырайды. Осы орайда, “Табиғи монополиялар” туралы заңға шағын қуатты субъектілер үшін сумен қамту көлемін жылына 500 мың текше метрге дейін ұлғайту туралы ұсыныс енгізуді қарастыруларыңызды сұраймыз.

 

Аймақтық жеке пәтер иелері ассоциациясының төрағасы Сергей Худяковтың ұсынысы қолдауға ие болды.

 

Сергей Худяков, аймақтық жеке пәтер иелері кооперативтері ассоциациясының төрағасы:

-Түсіндіру жұмыстарына әлеуметтік тапсырыс механизмін пайдалану арқылы үкіметтік емес ұйымдарды да тарту қажет. Сондай-ақ, әлеуметтік тапсырысты тұтынушылардың құқығын қорғау жөнінде жұмысты күшейту мақсатында да пайдалану қажет деп есептеймін. Коммуналдық қызмет сапасын тексеруде аталған ұйымдарды жұмылдыру керек.

 

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Самат Ескендіров екіжақты пікір алмасу ретінде өткен дөңгелек үстелдің тиімділігін ескертіп, аталған ұсынысқа қолдау білдірді.

 

Самат Ескендіров, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

-Мен ұсынысты қолдаймын. Сол себепті, осы жоспарды іске асыру үшін 2014  жылдың бюджетіне қажетті қаржыны енгізуді тапсырамын. Есесіне, түсіндіру жұмыстарын жүргізу барысында қоғамдық ұйымдар арасында бәсеке артады. Жобаның жемісін алдағы уақытта көре жатармыз.

 

Дөңгелек үстел отырысы аяқталған соң, Агенттік төрағасы Мұрат Оспанов қоғамдық қабылдау өткізді. Кездесуді пайдаланып, пәтер иелері кооперативтерінің бірінің төрайымы Галина Бондаренко да өзекті мәселе жайлы айтып қалды.

 

Галина Бондаренко , Жамбыл көшесі, 196 “А” үйінің ПИК төрайымы:

-Петропавлдағы инженерлік желілердің көбінің тозғаны жасырын емес. Оған қоса, олқылықты қалпына келтіретін кәсіби мамандар да тапшы. Бізде бұнымен айналыса алатын 2 кәсіпорын бар. Менің білгенім келгені мынау: ағымдағы жылдың ақпан айында Заңға өзгертулер енгізілді. Ол қашан күшіне енеді?

 

Мұрат Оспанов, ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің төрағасы:

-Енді, үйаралық желілерге де монополистер жауап береді. Сол себепті, техникалық тұсы әлі жарияланбаған болар.

 

Қоғамдық қабылдауда 3 азаматтың бұйымтайы тыңдалды.

 

Данаш Хамзина